Екібастұз ғимараттары ұлы тұлғалардың бейнелерімен көркейді

Осы жылы тоғыз мурал дайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала аумағында «EMD GROUP» бастамасымен көше көркемөнер туындыларын жасау жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда осы бастама аясында қаланың түрлі бөліктеріндегі ғимараттардың қасбеттерін безендіретін муралдар әзірленді.
– Қазір тоғыз мурал дайын. Олардың үшеуі — жастар арасында ұйымдастырылған «Муралға арналған үздік сурет» байқауының жеңімпаздары ұсынған эскиздер негізінде салынған, – деді Екібастұз қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Кристина Касперович.
Бұл жарқын әрі ауқымды бейнелер қаланың келбетін өзгертіп қана қоймай, маңызды мәдени және тәрбиелік хабар да береді.
– Суреттер қоғамның өзекті мәселелерін бейнелейді. Атап айтқанда: отбасылық құндылықтар, салауатты өмір салты, сондай-ақ қаланың эстетикасын көрсететін суретшілердің еркін шығармашылығына мүмкіндік берді, – деп пайымдады Екібастұз қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бас маманы Махаббат Қайырова.
Өзекті тақырыптармен қатар муралдарда қазақ халқының ұлы тұлғалары бейнеленген.
– Тарихи және қоғам қайраткерлері, өртке қарсы қызмет қызметкерін көруге болады. Атап айтқанда: Мәшһүр Жүсіп, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Мұхтар Әуезов, Бұхар Жырау бейнеленген, – деді Махаббат Қайырова.
Келер жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Қазір сметалық есептер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.