Кез келген павлодарлық тұрғын донор бола ала ма?

Кез келген павлодарлық тұрғын донор бола ала ма?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 2026 жылдың ақпан айы өтеусіз донорлық айы болып жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әрбір қан доноры бірнеше адамның өмірін сақтауға көмектеседі, сонымен қатар өз ағзасын жаңартуға ықпал етеді.

Облыстық қан орталығында бір айға жоспарланған арнайы іс-шаралар жоспары дайындалды. Негізгі шаралардың бірі – Ашық есік күні.

– Кез келген адам келіп, қан тапсыра алады, сонымен қатар біздің орталықта экскурсия ұйымдастырылады. Біз қанды тапсырғаннан кейін не болатынын, қандай тексерулерден өтетінін, оның компоненттері қалай дайындалатынын және пациенттер үшін қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетінін көрсетеміз, – деді донорларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі Сәуле Игібаева.

Қан орталығында әрбір қан донациясы зертханалық зерттеулердің толық циклінен өтеді. Қан АИТВ-ға, вирусты гепатиттерге және басқа да инфекцияларға тексеріледі, гемоглобин деңгейі, антигендер, фенотиптер мен антиденелер анықталады. Тексеруден кейін қан компоненттерге бөлінеді.

Қан тапсыру рәсімі шамамен 10–15 минутты алады. Донор алдымен тіркеуден, бастапқы тестілеуден және дәрігердің тексеруінен өтеді, содан кейін ғана қан тапсырады. Процедурадан соң оған тәтті шай беріледі және екі күнге жұмысынан немесе оқуынан босатылатыны туралы анықтама ұсынылады. 

– Донорларға қан тапсырардың алдында майлы тағам жемеуге, оны жеңіл кешкі аспен алмастыруға кеңес беріледі. Таңертең ашқарын келмей, тәтті шайды печеньемен ішуге болады. Қан тапсырардан 72 сағат бұрын алкоголь ішуге, ал екі сағат бұрын темекі тартуға болмайды, – деп түсіндірді бөлім меңгерушісі.

Бір донация кезіндегі стандартты қан көлемі 450 миллилитрді құрайды және физиологиялық тұрғыдан қауіпсіз деп есептеледі. Мамандардың айтуынша, ағзадағы қан көлемі бір тәулік ішінде қалпына келеді. Қанды тұрақты түрде тапсыру қан түзу жүйесін ынталандырады. 

Павлодар облысында белгілі бір қан тобына деген аса қатты тапшылық жоқ, алайда резус-факторы теріс донорларға ерекше көңіл бөлінеді.

– Бізде резус-факторы теріс донорлар аз, себебі өңір тұрғындары көбінесе бірінші оң қан тобын тапсырады, – деді Сауле Игібаева.

Донор болу үшін 18 жастан асқан, қарсы көрсетілімдері жоқ және созылмалы аурулары асқыну сатысында емес кез келген адам жарамды. Жоғарғы жас шегі жоқ: егер егде жастағы адам өзін жақсы сезінсе, ол да қан тапсыра алады.

Айта кетейік, күн сайын қан орталығына шамамен 50 донор келеді. Өңірде облыстың барлық 20 стационарын қамтамасыз ету үшін жеткілікті қан қоры бар.