Павлодар облысында «Эрис» омикроны тіркелмеді
Өңірде COVID-19 ауруы бойынша эпид жағдай тұрақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова мәлім етті.
– Қаңтар айынан маусымға дейін 203 коронавирус жағдайы тіркелген еді. Ал маусым айынан бүгінге дейін тек үш науқаста коронавирус анықталды. Яғни, облыста қолайлы, тұрақты жағдай байқалуда, – деді ол.
Оның сөзінше, республика бойынша таралып бара жатқан короновирустың жаңа штаммы «Эрис» омикроны бізде тіркелмеді.
– Жыл сайын жүргізілетін вакцинацияның әсерінен ұжымдық иммунитет қалыптасты. Короновирус маусымдық аурулар қатарына өтіп барады. Десе де тұрғындар өздері үшін жарты жыл сайын ревакцинацияға бара алады, – деді спикер.
Бүгінде барлық барлық ковидтік шектеулер алынып тасталды, сондықтан да маусымдық респираторлық вирустар басымдыққа ие болды.
– Қызылша жұқпалы ауруы бойынша ахуал өте күрделі. Бұл ауруға күдігі бар 63 науқас тіркелді, оның ішінде 44 жағдай расталған болатын. Науқастанған 14 жасқа дейін балалар саны – 35. Ал көкжөтелдің сегіз жағдайы тіркелген,– деп атап өтті Зәмзәгүл Досжанова.
Вакцина алмаған балаларда қызылша аса ауыр дәрежеде өтеді: дене қызуы 39-40С-қа дейін жоғарылайды, айқын әлсіздік байқалады, тіпті су ішуден де бас тартады. Басынан басталған бөртпе кезең-кезеңмен төменнен жоғарыға қарай таралады.