Павлодар облысында қанша оқушы қаңтарда ҰБТ тапсыруға өтініш берді?
Биыл түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуді бес рет тапсыра алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды. Тестілеу 10 ақпанға дейін жалғасады.
ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы Павлодар облысы бойынша филиалының мәліметінше, қаңтардағы ҰБТ-ға 3634 адам қатысады.
– Талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдады. ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады, – деді орталықта.
Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.
– Қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар қатысады. Сондай-ақ, шығармашылық ББТ-дан (білім беру бағдарламаларының топтары) басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін сынақ тапсыра алады, – деп нақтылады орталықта.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, биыл 11-сынып түлектерінің саны 4314 адамды құрайды (қазақ тілінде – 2354, орыс тілінде – 1960). Қаңтар айындағы ҰБТ-ға барлығы 83,3% мектеп түлегі өтініш берді.
29 қаңтарындағы жағдай бойынша ҰБТ тапсыруға өтініш білдіргендердің 29% немесе 1039 түлек тестілеуден өтті. Өңірде төрт жоғары оқу орнында ҰБТ тапсыруға болады: ИнЕУ, Торайғыров университеті, Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті және Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты.
Айта кетейік, тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
2024 жылғы талапкерлер ҰБТ-ны 5 рет: қаңтар, наурыз, тамызда, ал негізгі 2 рет – мамыр, маусымда тапсыра алады.