Баянауылдық жас маман еліміздің үздік тәлімгері атанды

Баянауылдық жас маман еліміздің үздік тәлімгері атанды
Фото: Баянауыл ауданының білім беру бөлімі

Байқауда облыстың еңбек өтілі бес жылға дейінгі сегіз жас маманы өз тәжірибелерін ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Алматы қаласындағы «Алтын қарғалы» шипажайы базасында  «Дарынды балаларға – талантты ұстаз»  педагогикалық олимпиадасының республикалық кезеңін өткізді. 

Педагогикалық олимпиаданың негізгі мақсаты – жас педагог қызметкерлердің  шығармашылық әлеуетін және өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасау, білім беру жүйесін жетілдіруге жас мұғалімдердің белсенді кәсіби көзқарасын қалыптастыру. Қатысушыларға Қазақстанда білім беруді дамытуды жақсартуда маңызды рөл атқаратын өздерінің бірегей идеясын  таратуға мүмкіндік берілді. 

Баянауыл ауданының Үшқұлын негізгі жалпы білім беру мектебінің тәлімгері Ақкүміс Мұхаметхан бірінші  дәрежелі диплом иегері атанды. 

Мұхамедхан  Ақкүміс  Үшқұлын  жалпы  негізгі  білім  беру  мектебінде  2022 жылдан  бастап  аға  тәлімгер  қызметін  атқарып  келеді.   Б. Ахметов  атындағы  Павлодар  педагогикалық  колледжінде  бастауыш  білім беру  мамандығын бітірген.  Қазіргі  таңда Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде дуалді  оқиды.  Өз қызметіне  аса  жауапкершілікпен қарайды.  Өте  белсенді,  оқушылармен  тез  тіл табыса  біледі, – дейді Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің әдіскері Махаббат Сәдуақасова.

Сонымен қатар осындай марапатқа Павлодар қаласының №17 жалпы орта білім беру саралап оқытатын бейіндік мектебінің  бастауыш сынып мұғалімі Ирина Мельникова ие болды. 

Павлодар қаласының Ахмет Байтұрсынов атындағы инновациялық типтегі жалпы орта білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Альбина Шамгунова екінші дәрежелі дипломмен, Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Назерке Семей, Екібастұз қаласының білім беру бөлімінің №25 қазақ қыздар  гимназиясының  ағылшын тілі мұғалімі Әсия Машрапова, Павлодар қаласының №39 инновациялық үлгідегі гимназия сыныптары бар жалпы орта білім беру мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Татьяна Соваровская грамотамен марапатталды.