Қызылқақ ауылының оқушылары жасанды интеллектінің қыр-сырын меңгереді
Ертіс ауданының Қызылқақ ауылында отыз жылдан кейін заман талабына сай заманауи мектеп бой көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданындағы Қызылқақ ауылында салынған жаңа мектеп салтанатты түрде ашылды. Айтулы шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты.
Жоба облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Оның құны 1,2 миллиард теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарын «First National Construction» ЖШС жүргізді.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі бұл мектептің Қызылқақ ауылы ғана емес, бүкіл аудан тұрғындары үшін маңызды екенін атап өтті.
– Бой көтерген жаңа мектеп халықтың сұранысы негізінде қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың сөзіне құлақ асу – мемлекеттің міндеті екенін баса айтты. Ал айтылған сөзді іске асыру – біздің жауапкершілігіміз, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі жаңа білім ордасына салынған қомақты қаржының шынайы құны әр баланың сапалы білім алуынан көрінетінін атап өтті.
– Бір қарағанда, бұл қомақты қаражат. Бірақ оның шынайы құны – әр баланың сапалы білім алуында. Қызылқақ – өңіріміздің шалғай ауылдарының бірі. Облыс орталығы мен ауылдың арасында үш жүз шақырымға жуық жол жатыр. Қазір ауылда 260-қа жуық адам тұрса, оның 94-і – бала. Бұл – болашағы бар ауылдың көрсеткіші, – деді аймақ басшысы.
Асайын Байханов ауыл тұрғындарына жаңа мектеппен бірге елді мекендегі халық саны мен бала санының да арта беруін тілеп, білім шаңырағының тұтас ауылға қызмет ететініне тоқталды.
– Жаңа мектеп бір ауылдың ғана емес, тұтас өнегелі ұрпақтың мектебіне айналсын. Осы игі бастамаларыңыз жалғасын тауып, құтты әрі берекелі болсын, – деді ол.
Қызылқақ ауылындағы жаңа мектептің ашылуы тұрғындар үшін ерекше қуаныш. Бұған дейін ауыл балалары 30 жылдан астам уақыт бейімделген ғимаратта білім алған.

Мектеп директоры Қуат Усиннің айтуынша, жаңа білім ордасы ұстаздар мен оқушылардың көп жылғы арманын жүзеге асырды. Қазір мектепте 76 оқушы және шағын орталықта 17 бала тәрбиеленіп, білім алуда. Білім ошағында 20 педагог еңбек етеді.
Жаңа мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда асхана, спортзал, акт залы, дизайн және технология шеберханасы, бастауыш сыныптар, қазақ тілі, химия-биология және информатика кабинеттері, сондай-ақ шағын орталық бар.

Білім ордасы жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізуге бағытталған бес пилоттық мектептің қатарына енді. Мұғалімдер арнайы оқудан өтіп, жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға жасанды интеллект бағытында білім беруді бастайды.
Қызылқақ мектебінің оқушылары мен түлектері де түрлі жетістіктерімен танылып келеді. Өткен оқу жылында ауыл оқушылары ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған.
Салтанатты шарада жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Самат Мәненов те сөз сөйлеп, жаңа мектептің ашылуын ауыл үшін үлкен қуанышқа балады.
– Бүгін Қызылқақ жерінде үлкен той болып жатыр. Ақ түйенің қарны жарылды – міне, мектеп пайдалануға беріліп отыр. Бұл – ел алдында жүрген азаматтардың еңбегінің арқасы деп білемін», – деді Самат Мәненов.
Самат Мәненов Қызылқақ ауылының білім саласындағы жетістіктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, ауыл мектебінің түлектері арасында «Алтын белгі» иегерлері көп, бұл – білім сапасының жоғары екенін көрсетеді.
Сапар барысында Асайын Байханов мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттерін, спортзал, акт залы, асхана, шеберханалар мен шағын орталықты аралады. Сондай-ақ мектеп оқушыларымен және ұстаздармен тілдесті.

Жаңа білім ордасында жоғары сынып оқушылары мамандық таңдауға қатысты кеңес алып, Жапонияда білім алып жүрген Қызылқақ ауылының түлектерімен тәжірибе алмасты.
Қызылқақ ауылындағы жаңа мектептің ашылуы – ауыл тұрғындарының көп жылғы арманын жүзеге асырған маңызды әлеуметтік жоба. Енді ауыл балалары заманауи жағдайда білім алып, ғылым, спорт, өнер және жаңа технологиялар бағытында өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады.
Айта кетелік, «Мендеш» ШҚ атынан мектепке автокөлік сыйға берілді.