Павлодар облысында 56 мыңнан аса техникалық маман жетіспейді
2029 жылға дейін өңірде 50 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы бойынша 2024 жылдан 2029 жылға дейін Павлодар облысында 140 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның ішінде 70% тұрақты жұмыс орындары болады.
– Өңірде өнеркәсіп, көлік, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және құрылыс мамандары сұранысқа ие. Болжам тұжырымдамасы бес жылға бекітіледі, – деді Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.
Оның айтуынша, өңірде 56 мың маман жетіспейді. Жыл сайын басқарма орта мерзімді кезеңге (6 жылға дейін) еңбек нарығының қажеттілігін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізеді. Қажеттілікті талдау нәтижелері бойынша экономиканың орта кәсіптік білімі бар кадрларға деген қажеттілігі артып келе жатқаны байқалады. Кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға (56420 адам) сұраныс білімі жоғары түлектерге (17866 адам) қажеттіліктен 70%-ға артық.
Бұл көрсеткіш жылдан жылға айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Сұранысқа ие 140 мың жұмыс орнының 23 мыңнан астамы, оның ішінде 16 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.
– Жыл сайын алты мыңға жуық студент жоғары оқу орнынан түлеп ұшады. Олардың 70%-ы біздің еңбек нарығындағы қажеттілікті жабады. Бюджеттік қаржыландыру бойынша іс-шараларды іске асыруға келетін болсақ, ЖОО мен колледж түлектерінің бір бөлігіне бағытталған субсидияланатын жұмыс орындары бар. Нақтырақ атйқанда, жастар тәжірибесі, ұрпақтар келісімшарты және алғашқы жұмыс орны жобалары бар, – дейді спикер.
Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі тұрақты түрде 4,8% деңгейінде қалып отыр. Жұмыспен қамтылмаған жастардың көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төмендеді.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес Мансап орталығы жұмыс іздеп жүрген адамдарға «Электрондық еңбек биржасы» арқылы жарияланған жұмыс орындарын ұсыну жолымен жұмысқа орналастыру бойынша қызметтер көрсетеді (www.enbek.kz), сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіреді.
2024 жылы Павлодар облысына 3505 адам, оның ішінде 2648 қандасты көшіру жоспарлануда. Олар сондай-ақ кадрларға деген қажеттілікті жабуға көмектеседі.