Павлодар облысында тиіндер азайған

Павлодар облысында тиіндер азайған
Фото: pixabay

Оған орман сусарының көбею себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының орманды аймақтарында тиін аңы кеңінен кездеседі.  

Тиін – жеңіл қимылдайды, жақсы өрмелейді, талдан- талға оңай секіреді. Ол омыртқалы жануар, дене тұрқы 16-28 см, салмағы 450-600 грамм. Олар қалың жүнді, құйрығы ұзын, атап айтқанда, 23 см-ге дейін болып келеді. Артқы аяқтары ұзынырақ және мықты болған соң ағаштан- ағашқа қарай 10-12 метрге дейін оңай секіре алады. Ондай ұзындыққа секіруге оның үлпілдек құйрығы көмектеседі. Олар 10 жылға дейін өмір сүреді. 

«Ертіс орманы» табиғи резерваты аумағында 2024 жылғы санақ қорытындысы бойынша 4741 тиін мекендейді. 

Тиіндер азықтары мол жылдары көбейіп, ал азық қоры аз жылдары саны кеміп кетеді. Резерват аумағында орман сусарының көбеюіне, олардың тиінмен қоректенетініне және қоныс аударуға байланысты тиін саны екі пайыз азайғаны байқалады. Тиіндер қарағай бүрлерінің мол шығатын уақытында көбейеді. Себебі қарағай тұқымдары – тиіндердің негізгі қорегі, – дейді «Ертіс орманы» резерватының аңшысы Қайыржан Әділбаев.

Оған қоса, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркін де 1552 тиін мекен етеді. Ұлттық паркте қызметкерлері олар қаңтар айынын соңына қарай көбейетінін атап өтті.  Мамандар жүргізген санақ бойынша, 2023 жылы –1550, 2022 жылы – 1600, 2021 жылы – 1620, 2020 жылы 1720 тиін тіркелген.

Тиін – тұрғылықты аң, бірақ қорегі тапшы болса, кейбір жылдары жаппай қоныс аударуы мүмкін екен. Екі жаста жыныстық жағынан жетіліп, ақпан-наурыз айларында ұйығады. Жылына екі рет, 3-10 тиіннен балалайды.

Тиіндер мекендейтін мемлекеттік ұлттық табиғи парк пен резерват ерекше қорғалатын табиғи аумақ болғандықтан аңшылықтың барлық түріне қатаң тыйым салынған және оларды ату, аулау фактілері тіркелмеген.