Павлодар облысында «Bereke Fest» республикалық акциясы өтеді

Павлодар облысында «Bereke Fest» республикалық акциясы өтеді
Иллюстрация: ЖИ

Іс-шара халықты қолжетімді бағамен азық-түлік және күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

1-7 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Конституциясының күніне орай ұйымдастырылатын акция «Greenwich», «Small», «Inmart», «Ваш», «Пахомовский» сауда желілерін, сондай-ақ ірі сауда-ойын-сауық орталықтарын қамтиды.

Бастаманың негізгі мақсаты – бірінші кезектегі қажетті тауарлардың бағасын қолжетімді ету арқылы әлеуметтік шиеленісті бәсеңдету, өңір тұрғындарын сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету және жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету. Сонымен қатар, акция өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы тікелей байланысты дамытуға, делдалсыз сауда жасауға мүмкіндік береді.

Іс-шараны өткізу сатылатын тауарлар ассортиментін кеңейтуге, ішкі өндірісті ынталандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді. Кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуы тұрғындарға әлеуметтік бағдарланған бағамен тауар сатып алуға жағдай жасайды.