Екібастұз қалалық ауруханасында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын
Қала әкімі орындалған жұмыстардың сапасын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аян Бейсекин өзінің «Instagram» парақшасында мәлімдегендей, биыл облыс әкімінің қолдауының арқасында қалалық аурухананың гинекология бөліміне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 500 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
– Ғимарат іргетасы қаланған уақыттан бері жөндеу көрмегендіктен, апатты жағдайда болды. Электр, су, кәріз желілері мен жылу радиаторларын ауыстыру, кафель төсеу, қабырғалар мен төбелерді әрлеу, 147 терезе орнату, 156 есікті ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ су құбырлары ауыстырылып, су жылытқыштары орнатылды. Кабинеттер мен бөлмелерді толық әрлеу жұмыстары жүргізілді, – деп жазды қала басшысы әлеуметтік желіде.
Ғимараттың қасбеті мен кіреберіс бөлігі де өзгеріске ұшырады, сондай-ақ қалалық бюджет есебінен перзентхана аумағы толығымен асфальтталды.
– Қазіргі уақытта жұмыс аяқталуға жақын. Жалпы, күрделі жөндеу жұмыстары құрылыс-монтаж жұмыстарының белгіленген кестесінен кешіктірілмей жасалды. Мердігердің алдына қойған басты міндетіміз жұмысты сапалы орындау болды. Мен жауапты тұлғаларға объектіні қабылдамас бұрын барлық болмашы ескертулерді жоюды тапсырдым. Біздің денсаулық сақтау саласындағы әріптестеріміз осы айда дәстүрлі жұмыс орындарында жұмыс істей бастауы керек, – деп толықтырды Аян Бейсекин.
Сондай-ақ, қала әкімі әріптестерімен қалалық ауруханада болып, балаларды оңалту орталығын ашу перспективаларын талқылады. Бұл қала үшін маңызды жоба. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау басқармасына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаржы бөлу туралы хат жолданды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram