Май ауданының ауылында тоғыз көшеге асфальт төселді
Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 267 миллион ақша жұмсалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Көктөбе ауылының әкімі Әкімбек Темірғалиновтің айтуынша, Май ауданының Көктөбе ауылында 3914 адам тұрады. Бұрын-соңды асфальт көрмеген ауылдың тоғыз көшесі қалыпқа келтірілді.
– Бүгінде Әуезов, Әбдірайымов, Мұқашев, Торайғыров, Бөкетов, Жангелдин, Сәтбаев, Сыздықов, Абай кентішілік жолдардың орта жөндеу жұмыстары аяқталды. Барлық белгілер қойылды. Халықтың көңілін тапқан сияқтымыз. Тұрғындар оң бағасын беріп жатыр, – деп атап өтті ауыл әкімі.
Оның айтуынша, жолдардың жалпы ұзындығы 7464 метрді құрайды. Жұмыстарды «Павлодар жолдары ЖШС» мердігерлік ұйымы атқарды. Жалпы 12 бірлік техника мен 20 шақты адам жұмылдырылған.
– Демеушілердің қолдауымен ауылдағы мешіттің, Көктөбе орта мектебі және Е.Мұқашев атындағы орта мектебінің алдына асфальт жабыны төселді, – деді Әкімбек Темірғалинов.
Ауыл әкімінің айтуынша, Көктөбеде ауыл жарығын ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Сондай-ақ, ауылда әлі де асфальт салынбаған 16 көше бар. Оған да қажетті құжаттар әзірленеді.