Павлодар облысында биыл қанша шаршы метр тұрғын үй салынды?
2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірдегі оң динамика барлық базалық макро көрсеткіштер бойынша байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиналыста 10 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму және бюджетті игеру қорытындылары талқыланды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктың айтуынша, өнеркәсіп өнімі өндірісінің өсуі 3,6 пайызды құраған, ауыл шаруашылығы саласында көлем 20,9 пайызға, яғни 372,5 миллиард теңгеге ұлғайған.
Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының көлемі 284,2 миллиард теңгені құраған, бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 16,3 пайызға артық. Бұл ретте, өңірде биыл 296 мың шаршы метр тұрғын үй салынды.
– Әрине, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамиканы сақтап қалғанымыз – өте жақсы жетістік. Өңір бойынша 105,8-106 пайызға жеткеніміз ерекше қуантады, – деді облыс әкімі.
Аймақ экономикасына 815 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өсу қарқыны 130,1 пайызды құрады.
Облыс өңірлері бөлінісінде барлық индикаторлар бойынша оң динамика қалалар мен Ақтоғай, Железин, Тереңкөл, Май, Павлодар, Успен, Шарбақты аудандарында қамтамасыз етілген.
Аққулы, Баянауыл және Ертіс аудандарында өнеркәсіп саласындағы теріс динамика тіркелген.
Бұл ретте, Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов ағымдағы жылдың 1 қарашасына өнеркәсіптің көлемі 234 миллион теңгені немесе 91,1 пайызды құрағанын атап өтті.
– Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 80 пайызды көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде екі респонденттің есеп беру кезеңінде көрсеткіштің төмендеуі «Бесқарағай-Әлкей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қайта тіркелуіне байланысты. Дегенмен тамыз-қазан айларында оң динамика байқалады. Көрсеткішті 95 пайыз деңгейінде болжап отырмыз. «Бесқарағай-Әлкей» ЖШС қайта тіркелу аяқталғаннан кейін көлемдері 2025 жылға есептелінетін болады, – деді аудан басшысы.
Құрылыс саласында өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға өсім болжануда. Тағы 60 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
– Жыл соңына дейін бір жарым ай қалды. Әкімдер тиісті макрокөрсеткіштерді орындау үшін барлық ресурстарды жұмылдыру қажет. Біздің міндетіміз – экономиканың берілген өсу қарқынын барынша сақтау. Сондықтан қолда бар бүкіл керекті ресурстарды пайдаланып, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіңіздер, – деп тапсырды Асайын Байханов.
Болжамдық көрсеткіштердің жоғары динамикасын ескере отырып, ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 5,8 – 6 пайыздық дәлізде күтіледі.