Павлодарда өңірлік архив қызметінің 100 жылдығы аталып өтті

Павлодарда өңірлік архив қызметінің 100 жылдығы аталып өтті
Фото: Татьяна Сартакова

Кәсіби мереке – архивші күні қарсаңында ұйымдастырылған мерейтойлық жиын «Достық үйінде» өтті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.

Салтанатты шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова архив саласының маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Архив – ұлттық құндылықтардың алтын қоры. Болашақ ұрпақ үшін тарихи маңызы бар деректерді сақтау – аса жауапты әрі абыройлы миссия. Павлодарлық архившілер XIX ғасырға тиесілі құнды құжаттар сақталған миллионнан астам қордың шынайы сақшылары. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жанқиярлық еңбектеріңіздің арқасында қоғам өткенін танып, бүгінін бағалап, болашағына сеніммен қарай алады, – деді Айгүл Мәлікова.

Қазіргі таңда өңір архившілері жыл сайын екі мыңнан астам көрме мен іс-шара ұйымдастырып, архив қорлары 60 мыңнан астам жаңа құжатпен толықтырылып келеді. Облыстық архивтік құжаттар жинақтары республикалық деңгейде жоғары бағаланып отыр.

Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен мемлекеттік архив ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Айта кетейік, бұл нысан соңғы 50 жыл бойы жаңартылмаған.

Павлодар Ертіс өңіріндегі архив қызметінің тарихы 1925 жылғы 30 шілдеден бастау алады. Сол жылы Павлодар уездік атқару комитеті президиумының қаулысымен архивариус лауазымы енгізілген. Ал 1923-1925 жылдар аралығында уездік, қалалық және болыстық мекемелердің архив құжаттары Семей губерниялық архив бюросында сақталған.

Мерейтойлық кеш барысында архив саласының ардагерлері мен қызметкерлері кәсібіне деген шексіз адалдығы, тарихи жадты, мәдени және құжаттық мұраны сақтауға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталды.