Аққулы ауданының инспекторы жоғалған қойды тауып, иесіне қайтарды

Аққулы ауданының инспекторы жоғалған қойды тауып, иесіне қайтарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бесқарағай ауылының тұрғыны 20-ға жуық қойының жайылымда жүріп жоғалғаны туралы арызданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының Аққулы ауданының учаскелік полиция инспекторы Алтынбек Есентаевқа Бесқарағай ауылының тұрғыны Есемғазы Ардах жүгінген. Ол жұбайы жайылымға шығарған 17 қойдың жоғалғанын хабарлаған.

Тұрғынның айтуынша, ауа райының күрт бұзылып, қатты жел соғып, жаңбыр жаууы салдарынан мал адасып кеткен. Алаңдаған шаруа иесі полицейден жоғалған қойларды іздеуге көмектесуін сұраған.

Учаскелік полиция инспекторы өтінішті алған бойда іздестіру жұмыстарына кіріскен. Ол мал болуы мүмкін аумақтарды тексеріп, ауыл маңын шолып шықты. Нәтижесінде жоғалған 17 қойдың барлығы Бесқарағай ауылынан жеті шақырым жердегі Ертіс өзенінің жайылмасынан табылды.

Малдың жоғалуы отбасы үшін үлкен алаңдаушылық туғызған. Көрсеткен көмегі мен жедел әрекеті үшін Есемғазы Ардах учаскелік полиция инспекторына алғыс айтып, ризашылығын бейнеүндеу арқылы жеткізді.

–  Бұл оқиға учаскелік полиция инспекторының жұмысы құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Тұрғындардың өтінішіне дер кезінде жауап беріп, қиын сәтте көмек көрсету де –  полиция қызметінің маңызды міндетінің бірі, – делінген хабарламада. 

Тұрғынның шынайы алғысы –  полиция қызметкерінің еңбегіне берілген баға әрі халық пен полиция арасындағы сенімнің көрінісі.