Павлодар облысында ерекше балалар сахнаны бағындырды

Павлодар облысында ерекше балалар сахнаны бағындырды
Фото: Амира Жартекей

М. Катаев атындағы оқушылар сарайы базасында облыстық «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалінің облыстық кезеңі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Фестивальге облыстың жалпы білім беретін және арнайы мектептері мен мектеп-интернаттарының оқушылары арасынан 10-16 жас аралығындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар 110 бала қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Қатысушылар төрт негізгі номинация бойынша өнер көрсетті: вокал, хореография, аспапта орындау және ыммен ән айту.

Облыстық білім беру басқармасының балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхамбетованың айтуынша, фестивальге Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларынан, сондай-ақ Шарбақты мен Тереңкөл аудандарынан келген жеті арнайы мектептің оқушылары қатысты.

– Фестивальдің басты мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін ашу. Біз, ересектер, олардың өз қабілеттерін көрсетуіне жағдай жасап, әр баланың шығармашылықта өзін танытуына мүмкіндік беруге тырысамыз. Бүгінгі әрбір өнердің артында балалардың еңбегі мен ата-аналардың қолдауы жатыр. Сондықтан оларға үлкен алғыс айтамыз. Бұл фестиваль балаларға тек өнер көрсету алаңы ғана емес, жаңа достар табуға, жаңа идеялар алуға және болашаққа қадам жасауға мүмкіндік береді, – деді Жібек Айтмұхамбетова.

Бұған дейін «Жұлдызай» фестивалінің облыстық жеңімпаздары республикалық кезеңге жолданатын. Алайда биыл республикалық кезең өткізілмей, байқау тек облыстық деңгейде ұйымдастырылды.

Екібастұз қаласынан келген Далия Бадильдинованың айтуынша, бүгін оның 10 жастағы екі қызы – Айкерім мен Нармин өнер көрсетті. Балаларға аутизм диагнозы қойылған.

– Балалар музыкаға қызығушылық танытқандықтан, олардың талантын дамытуға тырысып келеміз. Айкерім фортепианода, ал Нармин вокал бойынша өнер көрсетті. Қазір олар түрлі байқауларға қатысып жүр, бұл олардың  дамуына, сахнаға үйренуіне және өздеріне сенімді болуына үлкен әсер етеді, – дейді ол.

Тереңкөл ауданы, Песчаное ауылының ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының тәрбиешісі Сания Кох та бұл байқауға жыл сайын қатысатынын айтты. Биыл орталықтан алты бала өнер көрсеткен.

– Дайындық шамамен екі-үш айға созылады. Алдымен нөмірдің мазмұнын, форматын таңдаймыз, кейін костюм мен образдарды дайындаймыз. Көбіне ырғақты билер қоямыз. Ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істеу оңай емес, бірақ олар өте талапты, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Біздің орталықта нақты бағыттар бөлінбеген, біз өз бетімізше жұмыс істейміз, шығармашылықты қосымша түрде дамытамыз, – деді ол.

Фестиваль қорытындысы бойынша қатысушыларға дипломдар, сертификаттар және естелік сыйлықтар табысталды.