Павлодарлық музейде жас суретшілердің көрмесі ашылды
Көркем туындылардың саны 100-ден асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде «Әлемнің көркі – жас таланттар» балалар суреттерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде кескіндеме және сурет салу, мүсіндеу, флористика және икебана, ағаш өңдеу үйірмелеріне қатысатын жас өнерпаздардың туындылары ұсынылған.
Аталмыш іс-шараға Баянауыл ауданының Бірлік, Баянауыл ауылдарының, Успен ауданынындағы Ковалевка, Вознесенка, Галицкое ауылдарының, Ақсу қаласына қарасты Құркөл ауылдық аймағының 4 жастан 17 жасқа аралығындағы балалар қатысты.
Сондай-ақ, әр жас өнерпаз сюжетті және сурет салу техникасын өзі таңдады. Суреттерден әр баланың әлемін, оның сұлулық пен әсемдікке деген ұмтылысын, табиғат пен қоршаған әлемге көзқарасын көруге болады.
Бұдан бөлек, жиында «КЕО» мектебінің ұлттық халық би бөлімі «Улы дала» атты қазақ биімен, «Қыз биі» атты орыс биімен, өңіріміздің әншісі Нұрбек Тоқтар «Көк ту», «Қазақтай ел қайда» әндерін шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, 2021 жылғы 21 желтоқсаннан бастап, «КЕО» мектебі Павлодар облысының аудандары бойынша мемлекеттік «Артспорт» шығармашылық және спорттық бағдарламасының ресми қатысушысы болып табылады.