Павлодар облысында «Оқитын ұлт» марафонының талабы қандай?
Қатысушылар жеті айда шамамен 15 шығарма оқиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында «Оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны өтіп жатыр. Негізгі мақсат – әдебиетке тұрақты түрде уақыт бөліп, кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдырған оқырман қалыптастыру. Жарты жылға жоспарланған байқауда қатысушылар өз бағыты бойынша ұсынылған туындыны оқып, әрқайсысына қатысты жеке пікірін білдіреді. Мұнда басты назар кітап санынан бөлек, шығарманы қаншалықты түсініп, ой елегінен өткізгеніне аударылады.
Марафон тізімінде 330 шығарма бар. Оның ішінде қазақ әдебиеті, әлем классикасы және қазіргі авторлардың еңбектері қамтылған. Әр санатқа жеке 15 кітаптан ұсынылған. Педагогтерге арналған әдебиеттер тізімі мемлекеттік қызметшілер мен интеллектуалдарға ұсынылған шығармалардан өзгеше.
– Әр адам кітапты әртүрлі оқиды. Сондықтан пікірді өз сөзімен жазуы маңызды. Ол дайын мәтін болмауы керек. Пікірлер республикалық жобалық кеңседегі сарапшылардың модерациясынан өтеді. Қатысушы шығарманы шынымен оқығаны оның жазған пікірінен көрінуі тиіс, – деді облыстық Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Шолпан Шахметова.
Пікір 500-ден 5000 таңбаға дейін жазылады. Сараптамадан өткен әр мәтінге 250 ұпай есептеледі. Бұған қоса, қатысушылар оқыған кітабы бойынша тесттен өтеді.
Тізімде көлемі үлкен туындылар да бар. Мысалы, ұстаздар бағытына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші томы енгізілген. Қалған үш том да жеке шығарма ретінде саналады.
Ұйымдастырушылардың есебінше, берілген мерзімде ұсынылған кітаптарды аяқтау үшін айына бір жарым-екі туындыға уақыт бөлуге болады.
– Ең бастысы – асықпай, түсініп оқу. Себебі кейін сол шығарма бойынша тест тапсырып, пікір жазу керек, – деді Шолпан Шахметова.
Кітапхана басшысының айтуынша, Павлодар жастары арасында көркем әдебиетке қызығушылық бар. Соңғы уақытта оқырмандар өзін дамытуға арналған еңбектерге де жиі жүгінеді. Ал электронды форматтағы кітаптардың қолжетімді болуы әдебиетке ден қоюға мүмкіндік беріп отыр.
Облыста оқуға ынтаны арттыратын басқа да бастамалар бар. Солардың бірі – «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы. Биыл оның аясында Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы таңдалған.
Бұған дейін шаһарда кітап оқуға ынталандыру мақсатында велосипед пен самокат секілді сыйлықтар ұсынылған. Кітапхана мамандары мұндай бастамаларды әрі қарай да жалғастыруды көздеп отыр.
Кітапхана дерегіне сәйкес, өткен жылдың қорытындысында Павлодар облысы кітап оқу көрсеткішінен республика бойынша жоғары нәтиже көрсеткен. Өңірдегі оқырмандардың үлесі шамамен 47 пайызды құраған.
Мамандардың пайымынша, марафонның мәні жүлде үшін бірнеше кітапты оқып шығумен шектелмейді.
Еске сала кетейік, аталмыш марафонға облыс бойынша 35 мыңнан астам адам тіркелгені хабарланған еді.