Павлодар облысында мектептерді жаңа оқу жылына дайындау талқыланды

Павлодар облысында мектептерді жаңа оқу жылына дайындау талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзіміне бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Еркеновнаның мәліметінше, өңірде мектептер мен балабақшаларды жаңа оқу жылына дайындау мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.

Жиынға аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары, мердігер ұйымдардың, техникалық және авторлық қадағалау қызметтерінің өкілдері қатысты.

Кеңес барысында білім беру нысандарындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысы қаралып, әрбір нысан бойынша жұмыстардың орындалу мерзімі, сапасы және туындаған мәселелер талқыланды.

Тәуекелдер анықталған нысандар бойынша нақты тапсырмалар беріліп, оларды орындау мерзімдері белгіленді. Сондай-ақ жөндеу жұмыстарының барысын күнделікті бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді жедел жою тапсырылды.

Әйгерім Еркеновнаның айтуынша, негізгі міндет – барлық жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтап, жаңа оқу жылы басталғанға дейін балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау.