Ертіс ауданында қазақ сыныптары көбейді
Жалпы білім беру мектептерінде 2603 оқушы оқиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында 29 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 25 орта мектеп, екі балабақша және екі қосымша білім беру ұйымы бар.
Ауданда 1231 бала мемлекеттік тілде білім алса, орыс тілінде 1372 оқушы оқиды. Бірақ соңғы жылдары кейбір орыс мектептері араласқан.
– Орыс мектептерде жыл сайын бір-екі қазақ сыныбы ашылады. Бұрын Ертіс қаласында бір ғана қазақ мектебі болса, қалған үшеуі орысша болатын. Қазір осы үш мектеп араласып кетті. Қазақ сыныптары әлі көбейеді деген ойдамыз. Бірақ бұл жерде басқа ұлт өкілдері де тұратындықтан, орыс сыныптарын толығымен алып тастау мүмкін емес, – дейді Анар Беспаева.
Мысал ретінде Ұзынсудағы мектепті айтуға болады. Ата-аналардың балаларын қазақ тіліндегі даярлық сыныптарына бере бастауына байланысты орыс мектептерінде мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарды ашуға қажеттілігі туды.
Басшының айтуынша, қазақ тілінде білім алып жатқан өзге ұлт оқушыларының саны саусақпен санарлық. Бұлар – негізінен Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген балалар.
1 қыркүйектен бері Ертіс ауданында бірінші сыныпқа 254 оқушы барды.