Павлодар облысында мың жылдық тарих кенепте сөйлейді
Танымал қылқалам шеберлері тарихи мұраны зерттеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһардағы Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейі «ҚИМАҚ ART-2026» шығармашылық бастамасын жалғастырды. Биылғы шара Қазақстанның әр өңірінен келген танымал қылқалам шеберлерін бір ортаға жинап, көне дәуірдің ерекшеліктерін бейнелеу арқылы танытуға бағытталды.
Шығармашылық кездесуге ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Көркем академиясының академигі Мәжит Байтенов, белгілі кескіндемеші Хамза Кикимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Айнабек Оспанов және Астана қаласы суретшілер одағының басқарма төрағасы, академик Өмірәлі Исмаилов қатысты.
Жиын аясында мамандар Қимақ мемлекеті дәуіріне қатысты тарихи орындармен танысты. Айтуларынша, 9-11 ғасырларда қазіргі Павлодар өңірінде өзіндік мәдениет қалыптасқан. Археологиялық деректерден зергерлік бұйымдар, қару-жарақ, киім үлгілері мен сол кезеңге тән ою-өрнектер табылған.
Мәжит Байтенов көне мұраның шығармашылық ізденіске тың серпін беретінін атап өтті.
– Ата-бабаларымыздың ерте кезеңнің өзінде мәдениеті өте мықты болғанын көріп отырмыз. Күміс пен алтыннан бұйым жасап, темір өңдеуді меңгерген. Мұның бәрі бізге үлкен шабыт береді. Енді осы әсерді шығармаларымызда көрсетуге тырысамыз, – деді ол.
Ал Айнабек Оспановтың пікірінше, мұндай бастамалардың негізгі мақсаты – туған жердің өткенін көркем тіл арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізу.
– Тарихи деректер архивтер мен ғылыми еңбектерде бар, бірақ оны әр адам оқып шыға алмайды. Қылқалам шебері сол ақпаратты бір туынды арқылы көзге көрінетін образға айналдырады. Біз өшіп бара жатқан материалдарды жаңғыртып, тарихи тұлғалар мен оқиғалардың көркем бейнесін жасауымыз керек, – деді ол.
Оның сөзінше, бұл бастама бір ғана көрмемен шектелмеуі тиіс. Алдағы уақытта туындыларды жинақтап, каталог шығару, ғылыми материалдарды жүйелеу және шығармашылық топтың құрамын кеңейту маңызды.
Өмірәлі Исмаилов та кездесудің тәрбиелік мәніне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай басқосулар жас буынның қазақстандық қылқалам шеберлерін танып, ұлттық мұраға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
– Өз еңбектерімізді музей қорында қалдырамыз. Елімізде суретшілерді көбірек таныту керек. Осындай іс-шаралар көбейсе, халық та өнерпаздарды, олардың шығармаларын жақсырақ біледі, – деді ол.
Мамандардың пікірінше, Қимақ дәуірін бейнелеу – өткенді қайталау емес, тарихи мұра мен заманауи шығармашылықты байланыстырудың бір жолы. Қатысушылар бір апта бойы Павлодар өңірінде жұмыс істеп, дайын туындыларын музей қорына ұсынбақ.
Хамза Кикимовтің пікірінше, бұл бастама өнер иелеріне үлкен жауапкершілік жүктейді.
– Тарихты қазіргі заманмен байланыстырып, оны шығармашылығымызда көрсету – біздің үлкен міндетіміз. Мұндай шараның Павлодарда өтіп жатқанына қуаныштымын. Бұл тарихқа да, болашаққа да жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді, – деді ол.
«ҚИМАҚ ART-2026» аясындағы экспозиция бүгін көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге қатысушылардың жаңа еңбектері ұсынылып, оны Павлодар тұрғындары мен қала қонақтары бір ай бойы тамашалай алады.
Қатысушылардың айтуынша, бастама Қазақстанның өзге өңірлеріндегі шығармашылық ұжымдармен тәжірибе алмасуға да мүмкіндік береді. Бұған дейін тарихи тақырыптағы симпозиумдар Павлодар, Түркістан және басқа өңірлерде ұйымдастырылып, музей қорлары жаңа туындылармен толыққан.
Бір апта ішінде дүниеге келетін еңбектер Қимақ мемлекетінің тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, киімін, қару-жарағын және сол дәуірдің ерекшеліктерін заманауи бейнелеу тілі арқылы көрсетуге мүмкіндік береді.