Павлодарда елімізге белгілі күйшінің концерті өтті
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының концерттік залында ҚР еңбек сіңірген артисі, Құрмет орденінің иегері, ҚР құрметті азаматы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Тұрар Алипбаевтың концерті Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің қатысуымен өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
- Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі әр жыл сайын өзінің шығармашылық қоржынын байытып келеді. Осы уақытқа дейін көптеген республикалық өнер ордаларының үздік дирижерларымен Ертіс-Баян өңірінің өнерсүйер қауымына қайталанбас концерттерін ұсынып жүр. Бүгін де Тұрар Алипбаевпен бірге бұрын соңды болмаған «Күй ғұмыр» атты ерекше концертін ұсынды, - деді филармонияда.
Концерттік бағдарламада күйшінің «Сатай баба», «Бәйге»,«Әбіш таған», «Өмір дастан» сынды шығармалары мен күй атасы Құрманғазы «Ақбай» , «Байжұма», Динаның «Бұлбұл», Қазанғап «18 жасар Балжан қыз» сияқты күйлері орындалды.
Шара барысында танымал күйшіге облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның құттықтау хаты табысталып, шапан жабылды.
Кеш қонағы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғлымов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Серік Сыздықов, республикалық байқаулардың лауреаты Сәуле Мүсіпова болды.
Фото: Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы