Павлодар облысында тұмауға қарсы вакцинаның 90 мың дозасын сатып алу күтілуде
Бүгінгі таңда облыста ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев ағымдағы жылдың 25 шілдесінен бастап апта сайынғы мониторинг деректері бойынша облыста ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың апта сайын 1,1 есеге шамалы өсуі байқалатынын атап өтті. Тұмау жағдайлары тіркелмеген.
– Тұмаудан болатын сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлімді азайтудың жалғыз және тиімді шарасы вакцина болып табылады. Вакциналаудан кейін иммунитет екі-үш апта ішінде қалыптасады, 6-12 ай бойы сақталады. Тәуекел топтарына екпе салу қыркүйек-қазан айларында жүргізіледі, – деді Батырбек Әлиев.
Оның айтуынша, ДДҰ ұсынымдарына сәйкес халықтың кемінде 10 пайызын егу қажет. Павлодар облысында тұмауға қарсы вакцинаның 90 мың дозасын сатып алу күтілуде.
Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бастап тиісті контингентті тұмауға қарсы вакциналау науқанын жүргізу, медицина қызметкерлері үшін бетперде режимін енгізу, медициналық ұйымдардың ЖРВИ және тұмаумен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығы басталады.
– Бізге ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасы 15 қыркүйекке дейін келеді. Кез келген адам тұрғылықты жері бойынша тегін екпе ала алады, – деді облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева.
Бірінші кезекте вакцинаны балаларға, оның ішінде жиі ауыратындарға, жетім балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйлеріне алу ұсынылады. Оған қоса, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері, екінші және үшінші триместрлердегі жүкті әйелдер, зейнеткерлер және жүрек-қан тамырлары, тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар да бірінші кезекте екпе алу қажет.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың тамыз айының басынан бастап Павлодар облысы бойынша коронавирустық инфекцияның бір зертханалық расталған жағдайы тіркелді.