Павлодар облысында МӘМС жүйесіне азаматтарды тарту үшін дедлайн беру ұсынылды

Қоғамдық кеңес мүшелері ведомствоаралық жұмысты күшейту мәселесімен аудан мен қала әкімдерінің орынбасары айналысу керек деген пікір білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірлік даму орталығында қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Дөңгелек үстелде сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту, яғни МӘМС жүйесіне қатысты жүйелі, жылдан-жылға көтеріліп жатқан сұрақтар талқыланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде 2025 жылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша сақтандырылмаған азаматтар тіркелген халық тізіліміне сәйкес 116 254 адамды құрайды. «Үй шаруасындағы әйелдер» және «жұмыс істемейтін адам» мәртебесі бар медициналық ұйымдар ұсынған тізімдерге сәйкес «Е» және «Д» санаттарына 5875 адам бар, оның ішінде 2454 азаматтың мәртебесі расталды. Олар МӘМС жарнасын төлемейді.
– Бүгінгі таңда жұмыспен қамту шараларына 1881 адам тартылды, оның ішінде 1665 адам жұмысқа орналастырылды, белсенді шаралармен 218 адам қамтылды – оқыту, қайта даярлау, кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы Альмира Дисюпова.
Алайда қоғамдық кеңес мүшелері ақпараттық қолдаудың әлсіздігін, басқармалардың жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей жатқананын, жарналарды төлемей, МӘМС жүйесінен шығып қалған азаматтар, 18 жасқа толмаған, алайда мектептегі оқуды бітірген жасөспірімдердің сақтандырылмаған мәртебесінде болуы және еңбек шартынсыз жұмыс істейтін қызметкерлер үшін аударымдар жасамайтын жеке шаруа қожалықтары жайлы сөз етті. Қызу талқылау кеңес мүшесі Бақыт Бексейітованың ұсынысымен тоқтатылды.
– Облыста тұрғындарының саны 723 мың болса, онда әрбір алтыншы адам сақтандырылмаған деген сөз. Тізімдермен тер төгетін жұмыс байқалмайды. Қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарларына бұл мәселені жеке бақылауда ұстауды ұсынамын. Ведомствоаралық жұмысты әкімдердің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасарлары біріктіруі тиіс. Мен 1 шілдеге дейін сақтандырылмаған халықтың үлесін 15 пайызға төмендетуді ұсынамын. Егер нақты қадам болмаса, біз қайта жиналып, бір нәрсенің төңірегінде айтатын боламыз, – деді Бақыт Бексейітова.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда сақтандырылмаған азаматтар санынан 15 пайызды төмендетуді міндет ретінде қою керек.
– Мысалы, Аққулыда екі жарым ай ішінде сақтандырылмаған азаматтар 10 пайызға төмендеді. Менің ойымша, төрт жарым айда ведомствоаралық күшпен 15 пайызға жету керек. Сондықтан орташа сан ретінде 15 пайызды алдым, – деді Бақыт Бексейітова.
Жарты жылда бұл нәтижесі сараланып, қоғамдық кеңестің отырысында қаралған кезде жағдайдың өзгергенін бақылауға мүмкіндік береді. Ұсыныс жергілікті атқарушы органдарға жолданады.