Ақсу ауылдық аймағындағы медициналық нысандар құрылысы мониторингтен өтті

Ақсу ауылдық аймағындағы медициналық нысандар құрылысы мониторингтен өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Үштерек пен Құркөл ауылдарындағы нысандарды маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласының ауылдық аумағында салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс жұмыстарына кезекті көшпелі мониторинг жүргізілді. Іссапарға «AMANAT» партиясының облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедьярова мен облыстық мәслихат депутаты Света Абдраманова қатысты.

Мониторинг барысында Үштерек пен Құркөл ауылдарында бой көтеріп жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыс барысы тексерілді. Партия өкілдері мердігер ұйымдармен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, құрылыс сапасы мен мерзімдеріне қатысты пікір алмасты.

Мердігерлердің айтуынша, жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Нысандарды маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

– «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарлама мен Жол картасы аясында белгіленген міндеттердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстайды. Ауылдық жерде қолжетімді әрі сапалы медицинаны дамыту – басты басымдықтардың бірі, – деді Айнұр Мұхамедьярова.

Мамандардың айтуынша, ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жобалары өңірдегі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.