Павлодар облысында кәмелетке толмаған жиырмадан астам қыздың аяғы ауыр
Статистка бойынша елде 15-18 жастағы қыздардың 17%-ы жүкті болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқұшева мәлім етті.
– Орташа есеппен алғанда Қазақстанда жасөспірімдер 16 жастан бастап алғашқы жыныстық қатынасқа түседі. Кәмелетке толмағандардың 17%-ы кемінде бір рет аяғы ауыр болған. Олардың 62%-ы босанып, 22%-ы жасанды түсік жасаған, 16%-ы өздігінен жүктілікті үзген, – деді спикер.
Айгүл Мұқұшева қыздардың репродуктивті денсаулық туралы төмен хабардарлығы, жоспарланбаған жүктілік мәселесімен бетпе-бет келуі және мерзімнен бұрын босануына себепші болатынын атап өтті.
– Әйелдің репродуктивті денсаулығы өте нәзік. Бала кезінен бастап иммунитетті нығайтуға тырысып, жеке гигиенаны сақтауға, физикалық жаттығуларға деген сүйіспеншілікті ояту керек. Ерте жүктіліктің алдын алудағы маңызда қадамдардың бірі – ата-ананың тәрбиесі. Статистикаға сәйкес, 15 жастағы балалардың 2%-ы ерте жыныстық қатынасқа түскен, – деді облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Гүлнар Буратаева.
Оның сөзінше, өңір бойынша жүктілікпен есепте 15-18 жастағы 22 кәмелетке толмаған қыз тұр.