Павлодар облысында жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен балалар саны алаңдатады

Павлодар облысында жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен балалар саны алаңдатады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері өңірде жол-көлік оқиғалары салдарынан 121 бала түрлі жарақат алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Оңғарбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккен балалардың көбі көлікте жолаушы ретінде отырған. Мұндай жағдайлар бойынша 67 бала жарақат алған.

Сонымен қатар, 55 кәмелетке толмаған жасөспірім жаяу жүргінші ретінде зардап шеккен. Олардың арасында жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болғандар да бар.

Тағы жеті бала самокатпен, велосипедпен және мопедпен қозғалу кезінде жарақат алған.

– Қазіргі уақытта біз ата-аналар мен жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тіпті болмашы жол-көлік оқиғаларының өзінде балалар жиі жарақат алады. Себебі олар алдыңғы немесе артқы орындықтарда қауіпсіздік белдігін тақпай отырады, ал ата-аналар балаларға арналған арнайы автокреслоларды қолданбайды. Кішкентай бала тіпті жеңіл соқтығысудың өзінен ауыр жарақат алуы мүмкін, – деді Мәлік Оңғарбаев.

Полиция департаменті бастығының орынбасары өңірде жол-көлік оқиғаларының жалпы саны азайғанымен, балалар жарақаты мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті.

Кеңесте жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру шаралары да талқыланды. Павлодар қаласында 12 жаңа бағдаршам орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс қалаларының жергілікті атқарушы органдары анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте мектептердің маңындағы жол таңбаларының жағдайына, жаяу жүргіншілер өткелдеріне және бағдаршам нысандарының жұмысына ерекше назар аударылуда.

–  Полиция департаментімен бірлесіп, әкімдерге жол картасын бекіту керек. Осы жерде бағдаршам орнату мәселесі болсын, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша басқа да шаралар болсын – барлығы жол картасына енгізілуі тиіс. Әрбір қала бойынша осы жұмыстардың бәрін бірлесіп атқару керек, – деді Асайын Байханов. 

Аймақ басшысы облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасына қоғамдық көлік бойынша тіркелген барлық жол-көлік оқиғаларына талдау жүргізіп, саралап, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.