Павлодарда азық-түлікке үстеме баға қосқан елуден астам дерек анықталды

Павлодарда азық-түлікке үстеме баға қосқан елуден астам дерек анықталды
Фото: Константин Шелков

Сәбіз бағасы шамамен 96 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері жүргізілген тексерулер нәтижесінде кәсіпкерлер тарапынан заңмен белгіленген шекті сауда үстемесін асырудың ондаған фактісі анықталды.

Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Болат Тұрмағанбеттің мәліметінше, бес ай ішінде департамент сауда саласында 84 тексеру жүргізді. Нәтижесінде заңнама талаптарының бұзылуына қатысты 80 факт анықталды.

Кейбір өнімдерге заңда рұқсат етілген 15 пайыздық шектен бірнеше есе жоғары  үстеме баға қойылған. Тексеру барысында сәбізге 96 пайызға дейін сауда үстемесі қосылғаны белгілі болды. Сонымен қатар, макарон өнімдеріне – 66,6 пайыз, қиярға – 56 пайыз, пиязға – 50 пайыз және қырыққабатқа 47 пайыз үстеме белгіленген жағдайлар тіркелген, – деді департамент басшысы.

Мұндай заңбұзушылықтар көбіне көтерме сауда нысандары мен үй жанындағы шағын дүкендерде кездеседі.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кіретін 19 атаудағы өнімге 15 пайыздан жоғары сауда үстемесін белгілеуге заңмен тыйым салынған, – деді Болат Тұрмағанбетов.

Тексерулер қорытындысы бойынша 75 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заңбұзушылықтарды жою туралы 80 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 2,3 миллион теңге айыппұл салынған.

Өңірде отандық өндірушілерді қолдау бағытындағы жұмыстар да қатар жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сауда орындарындағы тауарлардың кемінде 30 пайызы қазақстандық өнім болуы тиіс. Ал мемлекеттік қолдау алған сауда субъектілері үшін бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін ұлғаяды.

Алдағы уақытта «Қазақстанда жасалған» таңбалауын қолдану талаптары электрондық сауда алаңдарына да енгізіледі. Бұл қазақстандық өнімдердің маркетплейстердегі көрінуін арттырып, тұтынушылардың отандық тауарларды таңдауын жеңілдетеді, – деді департамент басшысы.

Қазіргі уақытта Павлодарда отандық ірімшік өнімдерін насихаттауға арналған пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында сауда орындарында арнайы сөре белгілері, баннерлер және ақпараттық материалдар орналастырылған. Мамандар мұндай бастамалар жергілікті өндірушілердің өнімін өткізуге және қазақстандық тауарлардың сұранысын арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Департамент өкілдері тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы негізсіз көтерілген жағдайларды хабарлауға шақырады. Фото және бейнематериалдар, сондай-ақ сатып алу чектері заңбұзушылықтарды анықтап, тиісті шаралар қабылдауға негіз болады.