Павлодарда «ерекше» спорттық фестиваль өтті

Жарыстар мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың аналарын қуантты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
20 қыркүйекте «Алтын бата» қоғамдық қоры мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған «Спорт әлемі» спорттық фестивалін ұйымдастырды. Іс-шараға облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы қолдау көрсетті.
Фестиваль өңір үшін маңызды оқиғаға айналды – ол мүмкіндігі шектеулі жастарды, олардың отбасыларын, қоғамдық ұйымдарды және Павлодардың белсенді тұрғындарын біріктірді.
Іс-шараны ұйымдастырушы – «Алтын бата» қорының негізін қалаушы Евгения Стельвага. Биыл қордың құрылғанына он жыл толды. Қордың миссиясы – ерекше балалар мен ересектерді тәрбиелеп отырған отбасыларға жан-жақты көмек пен қолдау көрсету.
– Біз бұл фестивалды үшінші жыл өткізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде оң өзгерістер байқалады. Әрине, елорда мен облыс орталықтарындағы балалардың іс-шараларға қатысу мүмкіндігі ауыл балаларына қарағанда әлдеқайда көп. Сондықтан біз бүгінгі фестивальге қатысушылардың жартысы аудан тұрғындарынан болуын мақсат еттік. Бүгін олар шабыт алып қайтады, барлық балалар мен аналарға түскі ас ұйымдастырамыз. Сонымен қатар марапаттар тапсырамыз, концерттік бағдарлама көрсетеміз, – деді Евгения Стельвага.
Оның айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың жаңа достар табуына көмектеседі. Бұл – балалар үшін ғана емес, сондай-ақ кейде өте қиын жағдайды бастан өткеріп жүрген аналар үшін де маңызды.
– Мұндай іс-шаралар балалар мен аналар арасындағы қарым-қатынас үшін аса қажет. Кейде мұндай сәттер бізге өмірде қатты жетіспейді, – дейді қатысушы аналардың бірі. – Көптеген ана өз өмірін бір кеңістікте, «вакуумда» өткізеді. Ал «Алтын бата» жобалары бізге әлеуметтік бейімделуге мүмкіндік береді. Мұнда арт-терапия сабақтары да ұйымдастырылады. Алда бізді «Жұлдызай» фестивалі күтіп тұр. Онда шығармашыл балалар ән айтып, өлең оқып, би билейтін болады. Мұндай іс-шаралар – ата-аналар үшін күннің нұрындай. Бұл – аналарға нақты көмек көрсетіліп жатқанының белгісі. Егер мұндай жобалар болмағанда, біз уайыммен өз-өзімізге тұйықталып қалар едік. Ал мұнда бір-бірімізбен араласып, тәжірибе бөлісуге мүмкіндік бар.
Фестиваль барысында павлодарлық аналар қоғамның жылдар өте келе түсіністікпен қарай бастағанына қуанды. Енді олардың балаларына саусақ шошайтып көрсететіндер сирек кездеседі, керісінше, қолдау көрсетуге тырысады. Павлодарлық аналардың өз WhatsApp-чаты бар, қазіргі таңда ол жерде облыс орталығының 153 тұрғыны тіркелген. Олардың арасында аналар да, әкелер де бар. Сондай-ақ, «Алтын бата» қоры оларға құқықтық кеңес беріп те көмектеседі.