Павлодар облысының денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер анықталды

Павлодар облысының денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жеті айдың қорытындысы бойынша нәресте өлімі, вакцинациямен қамту және онкологиялық өлім-жітім көрсеткіштері республикадан төмен болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі индикаторларының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізілді. Талдау барысында бірқатар медициналық ұйымдарда нәрестелер өлімі, вакцинация жоспары, кредиторлық берешек, онкологиялық және қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім сияқты маңызды көрсеткіштердің орындалмай қалғаны анықталды.

– ҚР ДСМ-нің негізгі индикаторларының бірі – нәрестелер өлімі көрсеткіші. Облыста бұл көрсеткіш 6,9-ды құрап, республикалық көрсеткіштен (5,8) жоғары болып отыр. Ағымдағы жылдың жеті айында 13 медициналық ұйымда 34 нәресте өлімі тіркелген. Олардың арасында Павлодар, Екібастұз қалаларындағы және Железин, Аққулы, Шарбақты, Тереңкөл, Баянауыл аудандарындағы бірқатар емханалар мен ауруханалар бар, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Ал вакцинациямен қамту бойынша облыс Қазақстан бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірін көрсетіп отыр (20 өңірдің ішінде 16-шы орын). Жоспарлы вакцинацияны орындамағаны үшін Ертіс, Железин, Тереңкөл аудандық ауруханаларының, Екібастұз қаласының №2 және №3 емханаларының, сондай-ақ бірқатар жекеменшік клиникалардың басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ведомствода атап өткендей, 2025 жылдың жеті айында онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 100 мың тұрғынға шаққанда 73,4-ті құрады, бұл республикалық көрсеткіштен (58,6) әлдеқайда жоғары. Онкологиялық қызмет көрсеткіштері Павлодар, Ақсу, Ертіс және Тереңкөл аудандарының медициналық ұйымдарында төмен болып отыр. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім де өскен, бұл үшін Павлодар, Ертіс, Баянауыл, Железин, Тереңкөл, Ақсу және Успен аудандарының медициналық мекемелерінің басшыларына сөгіс жарияланды.

– Облыстың алты медициналық ұйымында кредиторлық берешек 6 миллиард теңгеден асып кеткен. Бұл үшін Павлодар қалалық №1 ауруханасы, Екібастұз қалалық ауруханасы, Павлодар облыстық кардиологиялық орталығы және тағы басқа мекемелер жауапкершілікке тартылды. Денсаулық сақтау басқармасы берешекті өтеу бойынша жоспар-кесте құрып, оның орындалуын бақылауға алды, – деп атап өтті басқармада.

Қаржылық тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін құрылған жұмыс тобы сегіз аудандық медициналық ұйымның қызметін тексеріп, жетеуінен штаттық санды арттыру, құжаттаманы дұрыс жүргізбеу, дәрі-дәрмектерді есепке алудағы қателіктер және сатып алуды қате жоспарлау сияқты бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі осы мәселелерді шешу үшін облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликованың төрағалығымен тоғыз айдың қорытындысы бойынша қайта кеңес өткізілетін айтты. Егер оң динамика болмаса, медициналық ұйымдардың басшыларымен шарттарды бұзуға дейін баратын қатаң ұйымдастырушылық шаралар қабылданады. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырысы бар жеке клиникаларға қатысты да экономикалық ықпал ету шаралары қарастырылады.