Бір павлодарлық донор неше адамның өмірін құтқарады

Бір павлодарлық донор неше адамның өмірін құтқарады
фото: автор

Павлодарлықтардың арқасында жыл сайын 12 мыңнан астам донация жасалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде облыстың 20 стационарын қамтамасыз етуге жеткілікті қан қоры бар.

Мамандандырылған мекеменің директорының орынбасары Самал Сыздықованың айтуынша, күн сайын орталыққа 50 шақты донор келеді. Бір донациядан үш компонент алынады: эритроцит массасы, плазма және тромбоциттер.

– Осылайша, бір донация орта есеппен үш адамның өмірін құтқарады. Тұрғындар жылына үш және одан да көп рет қан тапсырады. Біздің 650-ден астам тұрақты донорымыз бар, бұл олардың қан қызметіне деген сенімі мен орталықтағы қолайлы жағдайды білдіреді. Жылына 12 мыңнан астам донация өткіземіз, 8 тоннадан астам консервіленген қан дайындаймыз – бұл 12 мыңнан астам доза. Бір реттік қан дозасы шамамен 450 миллилитрді құрайды. Бұл ересек адам үшін қауіпсіз көлем, – дейді Самал Сыздықова.

Қан қызметі – «алтын стандарт», яғни ақысыз қан тапсыру принципін ұстанады. Бұл қағиданы 23 жастағы полиция қызметкері Диас Каримбек те қолдайды. Ол донор болуға жеке оқиғасы арқылы келген.

– Мен Павлодар машина жасау колледжінде «машинист-технолог» мамандығы бойынша бірінші курста оқып жүргенмін. Досымның ата-анасы жол апатына түсті. Ол маған хабарласып, қан тапсыруымды өтінді. Мен келдім. Содан бері бес жыл өтті, ал мен тұрақты түрде қан тапсырып жүрмін. Қазір оның ата-анасы аман. Осы оқиға мені донорлыққа жетеледі, – дейді Диас.

Дәрігерлер кез келген қанның маңызды екенін, бірақ резус-факторы теріс сирек топтардың ерекше бағаланатынын айтады. Ең сирегі – төртінші теріс топ.  Эритроциттер бойынша әмбебап – бірінші топ (оң және теріс те), ал плазма бойынша – төртінші топ.

Дәрігерлердің айтуынша, орталықта сақталатын донор қаны – ең қауіпсізі. Бұның дәлелі ретінде облыстық орталық алғаш рет ISO 15189 халықаралық стандартының жаңа нұсқасын алды. Мұнда екі заманауи зертхана жұмыс істейді. Қазіргі таңда орталық халықаралық аккредитация сертификатын күтуде. Мекемеде қан сапасын бақылау бөлімі мен инфекцияларды диагностикалау зертханасы бар.

– Әрбір донор міндетті түрде алдын ала тексеруден өтеді: қан тобы, резус-фактор, гемоглобин деңгейі және бауыр ферменттері анықталады. Барлығы капиллярлық қаннан алынып, бір реттік материалдар ғана қолданылады. Кейін гепатит B мен C, ВИЧ, мерезге қан талдауы жасалады, – дейді дәрігерлер.

Зертханалар жабық типтегі қондырғылармен, автоматты анализаторлармен жабдықталған. Барлық мәліметтер бағдарлама арқылы оқылады, нәтижелер жарты сағат ішінде дайын болады. Сосын үлгілер ПТР-диагностика кезеңіне өтеді. Бұл – АҚШ-та жасалған заманауи жабдық. Қазақстандағы 19 орталықтың ішінде молекулалық-биологиялық деңгейдегі технологиялар тек Павлодар орталығында бар.

– Біздің зертхана толық автоматтандырылған және нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Біз заманауи құрылғыларда қан топтарын, фенотиптерді, антиденелер мен инфекцияларды анықтаймыз. Орталық Қазақстан бойынша үздік бес орталықтың қатарына кіреді. Біз сенімділікке кепілдік береміз, қателіктер мен кемшіліктерге жол бермейміз. Бұл бедел үшін ғана емес, науқастардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Біз жекеменшік зертханалармен бәсекеге қабілеттіміз. Өткен жылы 50 миллион теңгеге, биыл – 129 миллион теңгеге жабдық алдық, – дейді зертхана меңгерушісі Жазира Сиязова.

Жаңа жабдық зерттеулерді халықаралық стандарттарға сай жылдамырақ әрі дәлірек жүргізуге мүмкіндік береді. Өткен жылы орталық ұлттық аккредитациядан, биыл халықаралық деңгейінен өтті.

Биылғы Халықаралық донор күні «Қан тапсырыңыз, үміт сыйлаңыз: біз бірге өмірді құтқарамыз» ұранымен өтуде. Әр павлодарлық донор бұл борышты күн сайын орындайды.