Павлодарлық кардиологтар ер адамға екінші өмір сыйлады

Павлодарлық кардиологтар ер адамға екінші өмір сыйлады
Фото: Әсия Серік

Дәрігерлер науқастың жүрегін тоқтатып, қайта «қосуға» мәжбүр болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

62 жастағы Қайырбек Айғазин өкпе эмболиясы диагнозымен облыстық кардиологиялық орталыққа түсті. Бұл – өмірге қауіп төндіретін ауру.

Ер адам апат кезінде төменгі аяқтарын жарақаттаған. Ол трассадағы жұмыс учаскесін патрульдеу кезінде жүк көлігін басып озуға тырысқан көлікпен соқтығысқан.  

11 қаңтарда науқас кардиологиялық орталыққа жүгінді. Ер адамның тыныс алуы қиындап, әлсіздік мазалаған. Уақыт өте келе адам төзгісіз халге жеткен.

 – Кардиологтар уақытылы операция жасалмаса, өлімнің үлкен қаупі бар екендігін айтты. Үнемі ауа жетпейтін. Аудандық ауруханада сатурация жасалды. Кардиоорталыққа келгенде мені диагностикаға жіберді. Нәтижелерді көрген кардиохирург шұғыл операция жасау керектігін айтты. Мен пышақтың астына түскім келмеді, қарсы болдым. Дәрігер маған: «Егер сіз ота жасау үшін келісімге қол қоймасаңыз, аман қалмайсыз», – деп ескертті. Көп ойланбастан, дәрігердің табандылығына сенім артып, ота жасатуға келісімімді бердім және еш өкінбеймін, – деп еске алады науқас.  

Ота екі кезеңде жалпы анестезиямен жүргізілді. Бірінші кезең – өкпе  артерияларынан қан ұйығыштарын алып тастау және ЭКМО аппаратына қосылу (экстракорпоральды мембраналық оксигенация). Екіншісі – құрылғыдан ажырату.

 – Жүректі тоқтатып, шұғыл түрде барлық қан ұйығыштарын эвакуациялау керек болды. Ауыр жүктеме салдарынан жүрек механикалық қолдауды қажет етті. Операциядан кейін науқас жүректі алмастыратын машинаға қосылды. Бастапқы уақытта науқас робот сияқты болды. Күн сайын ультрадыбыстық зерттеу жүргізіп, оң жақ қарыншаның өздігінен жұмыс істей алатындығына көз жеткізгеннен кейін ЭКМО-дан шығарылды, – деді кардиохирург Виталий Березуцкий.

Дәрігердің айтуынша, тромбэктомия – қымбат хирургиялық процедура. Отаның құны үш миллион теңгеден асатын еді. Алайда МӘМС аясында ота тегін жасалады. 

– Науқас адамдардың көбі ота жасатуға уақыттары жоқ, сол себепті жүрек тоқтайды. Кейін өте шұғыл отаға ауысуға мәжбүр боламыз. Ота кезінде жүрек массажын жасаймыз және жүрек-өкпе аппаратын қосамыз. Салдарынан адамнан айырылу қаупі өте жоғары болады. Өйткені жүректің тоқтап қалуына байланысты қан қысымы болмайды, – деді Виталий Березуцкий. 

Қайырбек Айғазинның жағдайы он үш күннен соң қалпына келді. Қазір науқас өзін жақсы сезінеді, үйіне баруға дайындалып жатыр. Ол медицина қызметкерлеріне үлкен алғысын білдірді. 

– Маған 30-40 жастағы жас жігіттер ота жасады. Қоғамда «әдетте жас мамандар тәжірибесіз болады, тегін ота дұрыс жасалынбайды» деген түсінік бар. Мен бұл түсінікпен дауласуға дайынмын! – деді Қайырбек Айғазин. – Жүрек орталығында науқастарға жақсы қарайды. Дәрігерлердің барлығы – сауатты. Бізді жақсы тамақтандырады. Толық жазылып шыққанға дейін дәрігердің бақылауында боламыз. Ең бастысы – бәрі тегін. Емдеуге арналған дәрі-дәрмектер үйге тегін беріледі.

Айта кетейік, Қазақстанда өкпе артерияларынан қан ұйығыштарын алу тек Павлодар облыстық кардиоорталығында ғана ашық тәсілмен жүзеге асырылады. Бұл процедура 2021 жылдан бері жүргізіліп келеді және қырыққа жуық адамға ота жасалды.