Павлодарлықтар Қазақстанның маңызды құжатының тарихымен таныса алады

Павлодарлықтар Қазақстанның маңызды құжатының тарихымен таныса алады
Фото: Торайғыров кітапханасы

Конституция күніне орай кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық кітапханада ашылған көрмеде Қазақстан Республикасының Конституциясының қалыптасу тарихы, мазмұны мен мәні, сондай-ақ заң ғылымына арналған еңбектер мен тәуелсіз Қазақстанның құқықтық дамуына қатысты әдебиеттер таныстырылды.

Ата Заңымыз мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін айқындап берді. 1995 жылы жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Биыл осы маңызды құжатқа 30 жыл толып отыр. Конституцияның қабылдануы, мемлекеттік рәміздеріміз Елтаңба, Ту және Әнұранның бекітілуі, ұлттық валютамыз теңгенің енгізілуі ел тәуелсіздігінің нығаюына жол ашқан тарихи кезеңдер болды.

– Кітап көрмесінің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясымен және өзге де құқықтық құжаттармен таныстыру, қоғам алдындағы жауапкершілік пен патриотизмді қалыптастыру, қазақстандық бірлікті дәріптеу және құқықтық ақпарат беру,  – деді ұйымдастырушылар.

Көрме үш бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде – «Ата Заң – асыл мұраттар бастауы». Бұл бөлімде қазақ халқының дәстүрлі құқықтық жүйесіне арналған еңбектер қойылған. Атап айтсақ, «Жеті жарғы» 1993, «Қазақтың ата заңдары» 2004, «Дәстүрлі құқықтағы билер соты» 2008 және Конституция мен заңдар жинақтары ұсынылған.

Екінші бөлімде – «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі». Мұнда қазақ және орыс тілдеріндегі конституциялық құқық жөніндегі еңбектер бар. Олардың ішінде «Тәуелсіздік тартулары» 2001, «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы», «Тәуелсіз Қазақстан – егеменді мемлекет», академик Салық Зимановтың жетекшілігімен жарық көрген 10 томдық құжаттар жинағы 2009, сондай-ақ Н.Дулатбековтың «Қазіргі мемлекеттің негіздері Мемлекет және құқық» еңбегі бар.

Ал үшінші бөлімде – «Конституция – әр күннің негізі». Бұл бөлімде Конституцияның қоғамдағы және әрбір азаматтың күнделікті өміріндегі рөлі көрсетілген. Сонымен қатар, Ата Заңға енгізілген өзгерістер туралы материалдар ұсынылған. Мұнда Социал Табановтың «Құқық жүйелерінің конституциялық негіздері» және Болат Үрдебаевтың еңбектері бар.

Көрме облыстық кітапхананың оқырмандары үшін осы жылдың соңына дейін ұйымдастырылып отыр