Павлодар облысының тұрғындары түнгі шуға шағымданды
Өңірде тыныштықты бұзғаны үшін 4567 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, азаматтардың тыныштығы мен тынығу құқығының бұзылуына қатысты шағымдар әлі де көп түседі. Тұрғындар көбіне ұйымдарға, атап айтқанда қаланың орталық бөлігінде орналасқан барлар, клубтар мен кафелерге, сондай-ақ жеке азаматтарға шағымданады.
Осындай жағдайлардың бірі 6 қыркүйекке қараған түні болған. Сағат 00:21-де Тереңкөл ауылының тұрғыны полицияға хабарласып, Сұрағанов көшесіндегі кафеде музыканың қатты қойылғанын айтқан.
Сол түні сағат 02:00-де Ломов көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғыны да полициядан көмек сұраған.
– Көршілерім жас жұбайлар. Олардың үйіне үнемі қонақтар келіп, көңіл көтеріп, музыканың дауысын қатты қояды. Ал мен бұған шыдауға мәжбүрмін. Тыныштық сақтауды бірнеше рет сұрағаныма қарамастан, олар өтініштеріме мән бермейді, – деді тұрғын.
Құқық бұзушыларға қатысты полиция қызметкерлері әкімшілік іс жүргізуді бастады. Сонымен қатар, отбасы мүшелерімен белгіленген талаптарды сақтау қажеттігі жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Павлодар облысының полиция департаменті азаматтардың тыныштық пен тынығу құқығы заңмен қорғалатынын еске салады.
Жұмыс күндері түнгі уақытта, яғни сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін тыныштықты бұзуға тыйым салынады. Ал тұрғын үйлерде орналасқан ойын-сауық орындары үшін демалыс және мереке күндері тыныштық уақыты 23:00-ден 10:00-ге дейін белгіленген.