Президент: Құрылтай еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңін бастайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуына орай депутаттарға құттықтау сөзін арнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Президент бұл күнді Қазақстанның даму жолындағы маңызды тарихи кезең деп атап, ел тарихының жаңа парағы ашылып отырғанын айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде жұмысын бастады. Бұл еліміздің саяси жүйесін жаңғырту үдерісінің жаңа кезеңі болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай институтының тарихи маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, өткен кезеңдерде Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған.
Президент жаңа Құрылтай билік жүйесін жаңғыртып, мемлекеттік аппарат жұмысына тың серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық заңнаманың сапасын арттыру арқылы елдің құқықтық негізін одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
Мемлекет басшысы бірінші шақырылым депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктелгенін атап өтіп, олардың тарихи миссияны абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
– Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас. Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін, – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.