Екібастұзда ішімдік ішкен келіншек жеті жыл көлік басқармайтын болды

Екібастұзда ішімдік ішкен келіншек жеті жыл көлік басқармайтын болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полицейлер түнде Бұқар жырау көшесінде Daewoo Matiz көлігін тоқтатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Сот шешімімен 31 жастағы әйел жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Екі кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты әкімшілік қамаудан құтылды. 

Тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес жүргізушінің мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және көлік құралын басқару құқығынан жеті жылға айыру көзделгенін еске салды.

Әкімшілік қамауға алу жүкті әйелдерге және 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, 18 жасқа толмаған адамдарға, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, сондай-ақ 58 жастан асқан әйелдерге, 63 жастан асқан еркектерге және 14 жасқа толмаған балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдарға қолданыла алмайды.

– Жыл басынан бері мас күйінде көлік құралдарын басқарғаны үшін 53 жүргізуші тартылып, әрқайсысы жеті жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлады Екібастұз патрульдік полиция ротасының командирі Болат Мырзалинов.

Тәртіп сақшылары мас күйінде көлік басқарған адамды көргенде 102 телефоны арқылы хабарлауға немесе «Рolice 102» мобильді қосымшасын пайдалану қажет екенін еске салады.