Павлодар облысының тұрғындары күніне қанша калория тұтынады?

Павлодар облысының тұрғындары күніне қанша калория тұтынады?
Фото: Константин Шелков

Өңір халқының тамақтанудағы энергетикалық құндылығы республикалық орташа көрсеткіштен жоғары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы тұрғындарының рационының энергетикалық құндылығы тәулігіне 3314 килокалорияны құрады. Ал ең төменгі қажеттілік – 1873 килокалория. Алайда тағамның энергетикалық құндылығы оның теңгерімді екенін білдірмейді.

EnergyProm сайтының мәліметінше, қала тұрғындары ауыл тұрғындарына қарағанда ет, сүт өнімдері, жұмыртқа мен жемістерді көбірек тұтынады. 2026 жылдың екінші тоқсанында қала тұрғынына орта есеппен 22,8 келі еттен келсе, ауыл тұрғынына 19,4 келі еттен келген. Сүт өнімдерін тұтыну көлемі қалада 66,3 литрді, ауылда 53 литрді құраған. Ал жұмыртқа тұтыну көрсеткіші тиісінше 60,5 және 44,6 данадан болған.

– Ауыл тұрғындары, керісінше, жарма мен дәнді дақылдар өнімдерін көбірек тұтынған. Бір ауыл тұрғынына 34,2 келіден келсе, қала тұрғынына 29,5 келіден келген. Ауылдық үй шаруашылықтары тұтынушылық шығындарының 56,4 пайызын азық-түлікке жұмсаған. Қалада бұл көрсеткіш 52,6 пайызды құрады. Қазақстанда тамақтану рационының калориясы ең төменгі рұқсат етілген деңгейден төмен халықтың үлесі 2023 жылғы 1,4 пайыздан 2025 жылы 0,9 пайызға дейін азайды, – делінген хабарламада.

Үш айда Қазақстанның орташа тұрғыны 31,2 келі жарма мен дәнді дақылдар өнімдерін, соның ішінде нан, ұн және макарон өнімдерін тұтынған. Сондай-ақ бір адамға 21,6 келі ет пен ет өнімдері, 61,5 литр сүт өнімдері, 21,6 келі көкөніс, 18,1 келі жеміс, 11,4 келі картоп және шамамен 55 жұмыртқадан келген.

Өңірлер арасында да азық-түлік тұтыну көрсеткіштері бойынша айырмашылық бар. Осы жылдың екінші тоқсанында етті ең көп тұтынғандар – Жетісу және Қарағанды облыстарының тұрғындары. Екі өңірде де бір адамға 25,5 келіден келген. 

Сүт өнімдерін тұтыну бойынша Ақмола облысы көш бастады. Мұнда бір адамға үш айда 87,5 литрден келген. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 83 литрді құрады. Ал Қызылорда облысында бір адамға 43,1 литрден, Шымкентте 44,8 литрден келген.