Павлодарлық ардагерлер емханалардың жұмысына баға берді

Павлодарлық ардагерлер емханалардың жұмысына баға берді
Фото: автор

Павлодар қаласында 656 ардагер арасында медициналық қызмет сапасына қатысты сауалнама жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Зерттеу барысында тұрғындардың емханалар жұмысына қанағаттану деңгейі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі және учаскелік дәрігерлердің қызметіне қатысты пікірлері зерделенді. Сауалнама қорытындысы облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы сарапшылар кеңесінің отырысында талқыланды.

Облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы сарапшылар кеңесінің денсаулық сақтау бағыты бойынша мүшесі Советхан Смаковтың айтуынша, статистикалық есеп бойынша зерттеу жүргізу үшін 385 респондент жеткілікті болған. Алайда сауалнамаға 656 адам қатысқан. Бұл аға буын өкілдерінің медициналық қызмет сапасына қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.

Зерттеу нәтижесінде қатысушылардың жартысынан көбі кәрілік жастағы адамдар екені анықталған. Жиі кездесетін аурулардың қатарында артериялық гипертония бар.

Ардагерлер учаскелік дәрігерлер құрамының тұрақсыздығына байланысты қиындықтарға тап болатынын айтқан. Сондай-ақ кейбір науқастар қажетті дәрі-дәрмектің бір бөлігін өз қаражатына сатып алуға мәжбүр.

Емханалардың жұмысына берілген баға бес балдық жүйемен есептелген. Жалпы көрсеткіштер төрт балдың төңірегінде болса, №3 қалалық емхана үш балдан төмен баға алған. Дегенмен, Советхан Смаков бір ғана сауалнама нәтижесі бойынша медициналық ұйымдардың жұмысына түпкілікті баға беру дұрыс болмайтынын атап өтті.

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков ардагерлерге көрсетілетін медициналық көмекті мемлекеттік бағдарламаның міндеті ғана емес, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің азаматтық жауапкершілігі деп санайтынын жеткізді.

Оның айтуынша, биыл өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытудың алдағы он жылға арналған мастер-жоспары әзірленіп, аяқталған. Құжатты дайындау барысында облыстағы демографиялық көрсеткіштер, туу деңгейі, көші-қон үдерістері және әр аудан мен елді мекендегі халық санының өзгеруі есепке алынған. Мамандар даму барысының бірнеше сценарийін қарастырған.

Болжам бойынша, 2035 жылға қарай облыс халқы шамамен 60 мың адамға азаюы мүмкін. Бұған халықтың басқа өңірлерге көшуі мен туу көрсеткішінің төмендеуі әсер етеді. Басқарма басшысының мәліметінше, туу көрсеткіші 27 пайызға төмендеген. Ал жыл сайынғы босану саны бұрынғы 12 мыңнан сегіз мыңға дейін азайып, орта есеппен алты мыңға жуықтауы мүмкін. Ал облыс халқының жалпы санындағы 60 жастан асқан тұрғындардың үлесі артып, 30 пайызға жуықтайды.

Осыған байланысты өңірде гериатриялық медицинаны дамытуға басымдық берілмек. 

– Біз денсаулық сақтау жүйесінің даму стратегиясын қазірден бастап қайта қарастырып жатырмыз. Егде жастағы адамдар – ерекше назарды қажет ететін пациенттер. Олардың көбінде бірнеше созылмалы ауру қатар кездеседі. Сондықтан емханаларда гериатриялық кабинеттер ашу, арнайы бөлімшелер құру және пациенттердің медициналық ұйымдар ішінде қозғалысын жеңілдететін учаскелер ұйымдастыру көзделіп отыр, – деді Ермек Кучуков.

Оның айтуынша, мұндай бағдарлама республикалық деңгейде де әзірленген. Негізгі мақсат – медициналық көмекті тұрғындар үшін түсінікті, қолжетімді әрі сапалы ету.

Кездесуде ардагерлерді алаңдатқан мәселелердің бірі – тегін дәрілік препараттардың қолжетімділігі болды.

Ермек Кучуковтың мәліметінше, биыл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен шамамен 20 миллиард теңге бөлінген. Ал тегін дәрі алуға арналған республикалық тізімге енбеген жекелеген санаттағы пациенттерді қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен қосымша төрт миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Олардың қатарында балалар мен сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастар бар.

Өңірдегі денсаулық сақтау саласының тағы бір маңызды мәселесі – медицина кадрларының тапшылығы.

Ермек Кучуковтың айтуынша, өткен жылы облыста 144 дәрігер жетіспесе, биыл бұл көрсеткіш 79-ға дейін азайған. Алдағы жылы резидентураны аяқтайтын шамамен 100 жас маманның өңірге келуі күтілуде.

Бұдан бөлек, биыл өңірлік бюджет есебінен 34 резидент сұранысқа ие медициналық мамандықтар бойынша оқуға жіберілген. Олар оқуын аяқтағаннан кейін өңірге келіп, грант талаптарына сәйкес жұмыс істеуге міндетті.

Басқарма басшысы жалпы кадр тапшылығының азайып келе жатқанын айтқанымен, жекелеген тар бейінді мамандар бойынша мәселе әлі де бар екенін жасырмады.

Кездесу барысында компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография аппараттарының қолжетімділігі де сөз болды.

Қазіргі уақытта Павлодар қаласындағы мемлекеттік медициналық ұйымдардың үшеуінде ғана КТ аппараты, ал біреуінде МРТ бар. Диагностикалық жабдықтардың жетіспеушілігін азайту үшін биыл қаржыландыру бөлініп, сегіз заманауи аппарат сатып алуға келісімшарттар жасалған. Оның ішінде бес КТ және үш МРТ аппараты бар.

Сонымен қатар, өңірдің аудандары мен Екібастұз, Ақсу қалаларына тағы 21 медициналық техника жеткізу жоспарланған.

Кездесу қорытындысында ардагерлер көтерген мәселелер мен сауалнама нәтижелері денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларына жеткізілді. Жиынға мемлекеттік және сенімгерлік басқаруға берілген қалалық емханалардың жетекшілері де қатысты.