Павлодарда өртке оранған үйден 12 литрлік газ баллоны шығарылды
Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 101 пультіне сағат 12:11-де Қамзин көшесінде орналасқан жеке тұрған жер үйдің жанып жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен.
- Шақыру орнына келген өрт сөндірушілер 3 бөлмелі үйдің 60 шаршы метр аумағында төбе жабындысы мен 30 шаршы метр көлеміндегі үй ішіндегі заттар, жиhаз бен тұрмыстық техниканың жанып жатқандығын анықтады, - делінген хабарламада.
Өрт кезінде үйдің төбесі ішінара құлап, көлемі 12 литрді құрайтын 1 газ баллоны шығарылды.
Өрт сөндіру қызметінің жауынгерлері өртті 13 сағат 22 минутта толықтай жойды. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамның 38 адамы мен 8 техникасы жұмылдырылды.
Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі мен келтірілген залалы анықталуда.