Павлодарлық полицейлер балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуда
Білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілгенін облыстық полиция ведомствосының басшысы Василий Скляр өзі тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, құқық қорғау органдары оқу орындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Білім беру мекемелерін құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан тиімді қорғау проблемаларын шешу, қоғамдық тәртіпті сақтау, оқу орындарындағы қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу полицияның тұрақты бақылауында болады.
Білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілгенін облыстық полиция ведомствосының басшысы Василий Скляр Павлодар қаласының №34 және 43 мектептеріне барып білді.
Бүгінгі таңда облыстағы білім беру ұйымдарында 19646 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде мектептерде – 9278, мектепке дейінгі ұйымдарда – 7356, колледждерде және басқа да білім беру ұйымдарында – 3012 камера бар. Бұл ретте өңірдің барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен толық жабдықталған.
Василий Скляр білім беру объектілерінің бейнебақылау жүйелері жедел басқару орталығына шығарылғанын атап өтті.
- Білім беру мекемелеріндегі ішкі істер органдары жұмысының негізгі құрамдас бөлігі оқушылар арасында да, оларға қатысты да құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады, - деді Василий Скляр.
Қазір барлық білім беру нысандарында дабыл түймелері орнатылғаны, сондай-ақ 123 ұйымда кіруді бақылау және басқару жүйесі (турникеттер) орнатылғаны өте маңызды.
Білім беру өкілдері 227 мамандандырылған күзет агенттіктерімен келісімшарттар жасалғанын, 545 ескерту жүйесі мен 615 дабыл түймелері орнатылғанын хабарлады.
Білім беру мекемелерін қорғауды тікелей ұйымдастыру ерекше маңызды факті болып табылады. Сондықтан, қазіргі уақытта білім беру объектілерін мамандандырылған күзет қызметіне ауыстыру кезең-кезеңімен жүргізілуде.