Павлодарда армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке мемориалдық тақта ашылды

Павлодарда армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке мемориалдық тақта ашылды

Сағадат Нұрмағамбетов Павлодар облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің аумағында Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болды. Жуырда еліміздің  №1 Халық қаһарманының 99 жылдығына арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз  қызметінің мәлімдеуінше, аталмыш шараға облыс әкімдігінің өкілдері, Парламент Сенатының депутаты Серік Ақылбай, Қарулы күштердің ардагерлері, Павлодар гарнизоны әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов жанқиярлықпен қызмет еткен батыр. Келер жылы еліміз батырдың 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бүгінгі оқиға да қазақтың қаһарман ұлын ұлықтауға арналған маңызды күн болып отыр, – деді Павлодар облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмасбек Бұхарбаев.

Батырдың мүсіні Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының бастамасымен орнатылды.

Жиын соңында «Сағадат» әні шырқалып, Павлодар гарнизонының әскери қызметшілері салтанатты маршпен жүріп өтті.

Айта кетелік, облыс орталығында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы көше бар.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің телеграм каналынан