Бизнес пен ғылым: Павлодар кәсіпорындары мен университеттері күш біріктіруде

Бизнес пен ғылым: Павлодар кәсіпорындары мен университеттері күш біріктіруде
Фото: Диана Вакулина

Назарда – ғылыми жобаларды тәжірибеге енгізу, оларды өңірлік міндеттерге бейімдеу және бизнес пен ғылыми орта арасындағы диалогты оң жолға қою, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінде «Science&Business Connect» диалог алаңы өтті. Ол ғалымдарды, мемлекеттік органдар мен өңірдің жетекші кәсіпорындарын біріктірді. Іс-шара Қазақстан Республикасының ғылым қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды.

Университет ректоры Нұрлан Медетов атап өткендей, ғылымды қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанына қарамастан, қоғам мен мемлекет тарапынан сын айтылып жатады, яғни, бөлінген қаражат тәжірибелік тұрғыда пайда тигізу мәселесі бар.

– Бұл көпқырлы мәселе. Ғылым уақытты талап етеді, бірақ бүгінгі міндет – ғылымды өндірісте қолдану. Екіншіден, мемлекет қаржыны көп бөледі, алайда ғылымды тек бюджет есебінен дамыту мүмкін емес. Өндірістерін жаңғыртуға мүдделі кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылар отандық ғылымды дамытуға белсенді қатысуы тиіс, – деді Нұрлан Медетов.

Қазіргі уақытта әр облыс әкімдігінде ғылыми-техникалық кеңестер жұмыс істейді. KPI жүйесіне жергілікті атқарушы органдардың жұмысы енгізілгендіктен, олар да ғылымды нақты секторға енгізуге мүдделі.

Жеті басым бағыт айқындалды: экология және қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, энергетика, жаңа материалдар, көлік, цифрлық технологиялар, елдің интеллектуалдық әлеуетін дамыту, өмір туралы ғылымдар мен денсаулық сақтау, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелері.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Дархан Ермағамбетовтің айтуынша, басты қадамдардың бірі – 2024 жылы қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» ҚР заңы.

– Заңға сәйкес ғылымды дамыту функцияларының бір бөлігі өңірлерге берілді. Бұрын шешімдер мен қаржыландыру орталықта шоғырланса, енді аймақтар өздерінің ғылыми күн тәртібін қалыптастырып, салалық ерекшеліктерді ескере отырып, практикалық маңызы бар жобаларды қолдай алады. Бұл маңызды өзгеріс, өйткені жергілікті жерде экономиканың нақты қажеттіліктерін жақсы біледі, – деді Дархан Ермағамбетов.

Ол өңірдің алдағы уақытта перспективалық әрі ағымдағы міндеттерді шешуі тиіс екенін атап өтті. Басқарма жанында ғылым бөлімі құрылып, гранттық форматта ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландыру инфрақұрылымы жасақталмақ. Басты талап – жобалардың тәжірибелік қолданылуы.

Торайғыров университетінде тоғыз мыңға жуық студент, магистрант және докторант білім алады. Штатта – 1100 қызметкер, оның ішінде 650 оқытушы. Ғалымдардың 50 пайызы ғылыми дәрежеге ие. Ғылымды қаржыландыру көлемі жылына 1,6 миллиард теңгеге жетті.

Бүгінде университетте мемлекеттік қаржыландыру аясында 56 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, кәсіпорындармен келісімшарт бойынша 96 жоба бар. Университетке тікелей қаржы емес, жобалар аясында жабдықтар сатып алынады.

Ғалымдар үшін маңызды KPI – ғылыми журналдарда мақалалар жариялау. Университет ғалымдары бастамашылдық танытып отыр.

– Біз металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеу жобасына екі миллиард теңгеге өтінім бердік. Жоба үш жылға есептелген: қаражаттың 70 пайызы жабдық алуға жұмсалады. Нәтижесінде ғылыми мақалалар жариялап қана қоймай, үш жылда кемінде 200 млн теңге табыс табуымыз керек. Бізде серіктестер бар және жобаны жүзеге асыруға нақты ниетіміз бар, – деді ректор Нұрлан Медетов.

Университет өкілдерінің пікірінше, патенттер бар, бірақ оларды қолдануда қиындықтар туындайды. Ғалымдар халықаралық журналдарда жарияланады, алайда кәсіпорындар үшін практикалық пайдасы қандай деген сұрақ қалады.

– Ғалымдар жылдар бойы зерттеу жүргізіп, нәтижелер, дәреже, жарияланымдар, авторлық құқықтар, патенттер алады. Бұл оны елде және әлемде танымал етеді. Бірақ кәсіпорындар үшін нақты пайдасы маңызды. Байланыс жүйелі болуы тиіс, – деді университет өкілдері.

Университет әрқашан ынтымақтастыққа ашық, бірақ кейде кері байланыс болмай қалып жатады. Ал университеттік жобалар арқылы кадр мәселесін де шешуге болады: әлеует, тәжірибе және жас ғалымдар жетерлік.

Павлодар мұнайхимия зауытының техникалық бөлімінің орынбасары Ахат Шарапиденов өз пікірімен бөлісті.

– Біз тоқсан сайын университеттердің қатысуымен күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаймыз. Әр зауыт өз бастамасын ұсынады, ғылыми-техникалық мақсаттылығы дауыс беру арқылы анықталады. Содан кейін қаржылық жағы қаралады. Сонымен қатар, «Самрук-Қазына» «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығын құрды. Кез келген адам ғылым бойынша тақырып енгізе алады. Ұсыныстар қаралады. Біз ашықпыз және бастамаларды тыңдауға дайынбыз, – деді Ахат Шарапиденов.

Аксу ферроқорытпа зауытының өндіріс директоры Асылбек Иманқұлов та осы пікірді қолдады:

– Негізгі мәселе – кәсіпорындар мен университеттер арасында тікелей коммуникацияның болмауы. Барлығы жұмыс істеп жатыр, бұған ешкім күмәнданбайды. Бірақ нақты механизм қажет: мәселе туындаған сәтте ол бірден шешім іздеуге бағытталуы тиіс, – деді ол.

Нұрлан Медетов электронды платформа құруды ұсынды. Онда жергілікті атқарушы органдар мен ғалымдар жобаларды ашық көріп, бірден шешім ұсына алады.

– Тағы бір тиімді құрал – докторантура. Біз докторанттарға ғылыми топтардың жұмысына тікелей байланысты тақырыптар береміз. Осылайша, кәсіпорындардың міндеттерін зерттеу арқылы шешуге болады. Мысалы, дрон өндірісі ашылуда. Кәсіпорынлар мамандарды оқытып, бағыттап, жалақы төлеп, тұрақты жұмысқа адамдарды тартуға дайын. Біз индустриялық жобаларға терең бойлайтындарды іздейміз. Кәсіпорындардың міндеттерін ғалымдармен бірге шешу арқылы докторанттар ғылыми дәреже алып, бизнеске көмектеседі. Бұл – жұмыс істейтін құрал, әсіресе технологтар мен инженерлер үшін қызықты, – деді ректор.

Оның айтуынша, ғалымдар өнеркәсіптік алыптардың нақты міндеттеріне ортақтасып жұмыс істеуі тиіс. Мысалы, Екібастұздағы «Богатырь Көмір» кенішінің алдында көмірхимияға ғылыми көзқарас қажет. Қазір көмірді зерттеу мен байытуға көп көңіл бөлінеді, бірақ тиімділігі төмен. Мұнда университет ғылымы маңызды рөл атқара алады.

Жылу энергетикасы кафедрасының меңгерушісі, профессор Амангелді Кармановтың айтуынша, зерттеушілер тобы Екібастұз көмірінің абразивтілігі мәселесін шешумен айналысуда.

– Біз бұл міндетті қолға алдық. Жоба аясында «Шығыс» және «Богатырь» разрездеріне барып, көмір үлгілерін алдық. Күлділігін тексеріп, көрсеткіштерді орташа ету жұмыстарын жүргізуді бастадық. Қалдық күлді азайту процестерін зерттеп жатырмыз, – деді профессор.

Айта кетейік, университеттің мұнайхимия мен машина жасау саласында тәжірибеде қолданылған көптеген жобалары бар. Павлодар кәсіпорындары университетпен бірге заманауи зертханалар мен ғылыми-техникалық базалар ашылып жатыр. Студенттер университет қабырғасында практикалық тәжірибе алып, ғылыми шығармашылықпен айналысады.

Жуырда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жұмыс сапары барысында зертханалардың жұмысымен танысты. Ол бастамалардың ғылымды ғана емес, ел экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті.