Павлодарда бір жарым миллион теңге үшін ойын басталды
Биыл турнир халықаралық мәртебеге ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шахмат үйінде классикалық шахматқа арналған Юрий Никитин мемориалы басталды. Даңқты павлодарлық шахматшыны еске алуға арналған жарыс он алтыншы рет өткізіліп отыр. Турнир жеті күнге созылады, дейді төреші Арман Қапаев.
- Біз осындай жерлестерімізді мақтан тұтамыз, - дейді ол. – Болашақта Павлодар жерінен осындай спортшылар шығады деп сенеміз. Биылғы турнирге жан-жақтан спортшылар келді, оған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь шахматшылары қатысуда.
Солардың бірі – самарқандтық гроссмейстер, Өзбекстанның екі дүркін чемпионы Алексей Барсов. Бұл оның Павлодарға бірінші рет келуі емес, өзбекстандық спортшы біздің шахматымызға және оның табысына шын жүректен қуанады.
- Мен өзім ойнауға келдім, өйткені бапкер ретінде өзім мұндай деңгейде ойнауға сирек мүмкіндік аламын. Соңғы кездері Қазақстанда шахматқа көп көңіл бөлінуде, қомақты қаржы құйылып жатыр, бұл көңіл қуантады. Өзбекстан да қалыспайды, бізде де шахматты қолдаушылар бар. Балалар тарапынан қызығушылық өте жоғары. Кешегі кеңестік кезеңнің бар жақсылығын ала бастағанымыз өте жақсы.
Қазақстан шахмат федерациясының өкілі Дархан Амангелді қатысушыларға жарқын жеңістер мен әдемі комбинациялар тіледі. Турнирге барлығы 90 ойыншы қатысуда.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 1,5 миллион теңгені құрайды, ол А және В секцияларының жүлде қорларынан тұрады, оның ішінде секция жеңімпаздары 250 мың теңге, екінші орын алғандар 200 мың, үшінші орын алғандарға 100 мың теңге беріледі.
Юрий Никитин – шахматшы, халықаралық дәрежедегі шебер, КСРО спорт шебері. КСРО чемпионаттарының қатысушысы. Қазақ КСР-нің үш дүркін чемпионы.