Павлодарда ерекше қажеттілігі бар студенттер қалай білім алады?

Облыста ерекше білім беру қажеттілігі бар 165 студент оқыса, оның 23-і технологиялық колледжде білім алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар технологиялық колледжінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің білім алып жатқанына бір жыл толады. Оқу орны ақыл-ой кемістігі, сөйлеу дамуында кідірісі бар студенттерге мамандық иесі атануға көмектеседі.
– Біздің колледжде 15-тен 27 жасқа дейінгі 23 студент білім алады. Олардың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, бейімделген білім беру бағдарламаларын әзірлейміз, – дейді колледж басшысы Ренат Дүйсекенов.
Оның айтуынша, ұстаздар инклюзивті білім беру және ымдау тілі негіздері бойынша жүйелі түрде біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, техникалық және кәсіптік білім беру бойынша кедергісіз орта құрған.
Студенттерді тәрбиелеу мен оқыту үшін мемлекет тарапынан және оқыту орнының қолдауымен толықтай жағдай жасалған. Күнделікті өз үйінен келіп, білім алатын студенттерге тегін түскі ас берілсе, үйі алыста тұратын студенттерге жатахқана мен үш уақыт ас тегін ұсынылады.
– Біз оларға қоғамға бейімделуді үйретеміз. Оқу бітіргеннен кейін толықтай жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде екі кәсіпорын студенттер конкурстан өткен жағдайда жұмыспен қамтуға дайын, – дейді Ренат Дүйсекенов.
Мұндай студенттердің оқу материалын меңгеру қарқыны мен қолдау қажеттілігін және басқа да ерекшеліктерін ескере отырып, екі группаға бөледі. Бір группада он екі студент болса, практика кезінде сабақ екіге бөліп өткізіледі. Сонымен қатар, мұғалімдер үйірмелерге, жарыстарға, тәжірибелік сабақтарға қатысу кезінде қолдау көрсетеді.
Колледжде білім алатын студенттердің бірі 17 жастағы Диананың анасы бірге жүреді. Ол қызының білім алуы үшін қаладан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Заря ауылынан келеді.
– Қызымды жатахқанаға жатқызғым келді, алайда ол көнбеді. Ал мен оның білім алып, мамандық иесі атанғанын қалаймын, – дейді Диляра Төлегенова.
Жалғызбасты ана қызының болашағы үшін алаңдайды. Әйел адам өзінің көзі тірісінде қызының қоғамнан өз орнын тауып, өз күшімен күн көргенін қалағандықтан, уақытша қиыншылыққа төзуге дайын екенін айтады.
Айта кетейік, студенттер колледжде бір жыл он ай білім алады. Оларға «Аспаздық өнер» және «Мейрамхана сервисі» бағыттары бойынша сабақ өткізіледі. Оқу бітіріп шыққан соң тамақтандыру кәсіпорнына жұмысқа орналаса алады.