Павлодарда асық атудан мергендер анықталды

«Алаш» спорт кешенінде республикалық «Алаш сақасы» турнирі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы 5 шілде күні еліміз бойынша тұңғыш рет «Алаш сақасы» республикалық турнирінің финалдық кезеңі Ақтөбе қаласында дүркіреп өткен. «Қазақстан барысы» секілді ұлттық трендке айналатын үлкен жобаны жыл сайын еліміздің әр өңірінде өтіп тұратын болып келісілген. Биыл байрақты бәсекені 26-27 сәуір күндері Павлодар облысы қабылдады.
Жарысқа еліміздің 14 өңірінен келген командалар құрамында 30 мерген қатысты. Турнир «Қазхром» трансұлттық компаниясы АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылды.
Үздіктер қатарынан көрінген спортшыларды марапаттау рәсіміне Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашев қатысты.
Турнирдің қорытындысы бойынша Павлодар облысынан Жомарт Нұрланов бірінші орынды қанжығасына байлады. Екінші орынды Шымкент қаласынан Нұрқисса Молджігітов, үшінші орынды Жамбыл облысынан Райымбек Кенжебекұлы, төртінші орынды Қостанай облысынан Мұрат Ходжамұрат иеленді.