Павлодарда ерекше балалардың ата-аналарына жеңілдіктер туралы айтылды
Мемлекеттік қолдау шаралары туралы көбі біле бермейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда осындай отбасылар бас қосып, өз сұрақтарын және тәжірибелерін талқылады. Кездесу өңірлік ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өтті.
Қатысушыларға мемлекет тарапынан қолданыстағы көмек түрлері, құқықтар мен мүмкіндіктер туралы айтылып, тәжірибеде жиі кездесетін мәселелер қаралды.
«Алтын бата» қоғамдық қорының жетекшісі Евгения Стельвага өз тәжірибесімен бөлісті:
– Ұлым 26 жаста. Оған төрт жасында мүгедектік рәсімделді, ол кезде жәрдемақы үш мың теңгеден сәл асатын. Ал бүгінде тегін берілетін препаратты біз сол кезде 6800 теңгеге сатып алатынбыз. Қазір мемлекеттен қолдау бар. Бірақ әрқайсысында өз ерекшеліктері бар. Негізгі мәселе – денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйелерінің бөлек жұмыс істеп, өзара іс-қимылының аздығы. Сондықтан, ата-аналар өз құқықтарын білуі және оларды қорғай алуы маңызды, бұл баланың өмір сапасына тікелей әсер етеді, – деді ол.

Кездесуде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекке тұру, жәрдемақы рәсімдеу, мүгедектік топтарын белгілеу және салықтық жеңілдіктер мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, кезексіз қызмет алу және медициналық көмекке қол жеткізу құқығына назар аударылды.
Павлодарлық ата–ана Людмила Гукк мұндай кездесулердің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, балалар 18 жасқа толғаннан кейін отбасыларда ең көп сұрақ туындайды. Кей жеңілдіктер тоқтатылады. Мысалы, екінші топтағы мүгедектік кезінде кейбір медициналық қолдау шаралары күшін жояды.
– Осындай кездесулер балалар есеюіне қарай қандай шешімдер қабылдау керегін түсінуге көмектеседі. Мүгедектік тобын рәсімдеу мен әрекет етудегі қолдау да бар. Көп ата-ана мұны түсінбей, қорқады. Мен үшін жаңалық болды: әрекетке қабілетсіз ересек баланың қамқоршысы оны тұрғын үй кезегіне қоя алады екен, тіпті отбасының өз баспанасы болса да. Бұл туралы еш жерде айтылмайды, – деді ол.

Людмила ересек жастағы балалар үшін қарым-қатынас пен даму ортасының жоқтығын алға тартты.
– Ұлым Данил 18 жасқа толғаннан кейін оңалту орталығына барып, достарымен кездесуден айырылды. Бұл кездесуде ол бұрынғы таныстарын көріп қуанды. Бұл – оның ортасы, оның өмірі. Ал отбасылар мұнымен жалғыз қалады. Ерекше бала ата–ана үшін тәулік бойғы жүктеме, демалыссыз еңбек етумен пара–пар. Ересек балалардың қарым-қатынас ортасы жоқ, бұл жиі эмоционалдық күйзеліске әкеледі. Олар үшін осындай кездесулер ауадай қажет, – дейді ол.
Ата-аналар Павлодарда 18 жастан асқан адамдарға, әсіресе ақыл-ойында ерекшелігі бар жастарға арналған орталықтар ашуды сұрайды.
Айта кетейік, өңірде бірнеше жыл бойы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау және инклюзия» бағыты бойынша жоба жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты – мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат тарату.