Қызметтік иттерден сүңгуірлерге дейін: Павлодар жастары нені көрді?

Қызметтік иттерден сүңгуірлерге дейін: Павлодар жастары нені көрді?
Фото: Константин Шелков

Өскелең ұрпақ қару-жарақ үлгілерін көріп, кинологиялық қызметтің жұмысымен және суасты құтқару жабдықтарының мүмкіндіктерін білді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласындағы Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Жас сарбаз – ел қорғаны» атты интерактивті іс-шара ұйымдастырылды. Бағдарлама төрт тақырыптық алаңнан тұрды. Қатысушылар қаруды бөлшектеу және жинау тәртібін көріп, әскери киім үлгілерімен, кинологиялық қызметпен және арнайы техникалармен танысты. Танымдық кездесуге шамамен 100 жас қатысты.

Орталықтың креативті жастармен жұмыс жөніндегі жетекшісі Наргиз Жұмабекованың айтуынша, мұндай басқосулар өскелең ұрпақтың әскери мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруды көздейді.

– Мұндай шараны өткізудегі мақсатымыз – жастардың бойында патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Сондай-ақ әскери қызметке және күштік құрылымдардың жұмысына деген қызығушылықты арттырғымыз келеді, – деді ол.

Алғашқы алаңда 5512 әскери бөлімінің өкілдері автоматты толық емес бөлшектеу және қайта жинау тәртібін көрсетті. Практикалық көрсетілімді Әділхан Құлмұратов пен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Жоламан Жұмаділов өткізді.

Келесі бөлімде Ұлттық ұлан қызметкерлері әртүрлі маусымға арналған әскери киім үлгілерін ұсынды. Көрмеге жылы, ыстық және суық ауа райына бейімделген формалармен қатар, салтанатты жиындарға арналған парадтық киімдер қойылды.

5512 әскери бөлімінің жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының аға сержантты Аслан Қуатаев әскери борышты өтеудің маңыздылығына тоқталды.

– Отанға адал қызмет етуден қорқудың қажеті жоқ. Жастар әскери өмірдің қыр-сырын біліп, ел алдындағы міндетін түсінуі керек. Ұлттық ұлан қатарында еліміздің әр өңірінен келген жас сарбаздар қызмет атқарады. Олар Отанға қызмет етуді өз міндеті санайды, – деді аға сержант.

Кинологиялық қызметке арналған аймақта қызметтік иттердің қабілеттері көрсетілді. Мамандар жарылғыш заттар мен есірткі құралдарын анықтауға машықтанған иттердің жұмысын таныстырды. Төрт аяқты көмекшілер қоғамдық қауіпсіздікті сақтау кезінде маңызды рөл атқарады.

Бұдан бөлек, келушілерге әскери байланыс құралдары ұсынылды. 5512 әскери бөлімінің байланыс бастығы, аға лейтенант Жеңіс Жалғас әскери салада қолданылатын радиостанциялар мен спутниктік терминалдың ерекшеліктерін түсіндірді.

Оның сөзінше, бөлімде ішкі қызмет пен патрульдік-пост қызметіне арналған радиостанциялар, сондай-ақ арнайы бөлімшелер пайдаланатын құрылғылар бар. Қазақстанда өндірілген транкингтік радиостанция басқа мемлекеттік органдармен, соның ішінде терроризмге қарсы операциялар барысында өзара байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Ал «Иридиум» спутниктік терминалы өзге байланыс арналары қолжетімсіз болған жағдайда іске қосылады.

– Біз күнделікті қызмет барысында осы құрылғыларды пайдаланамыз. Әр әскери қызметші оларды қолдана білуі тиіс. Сол себепті мамандарға арнайы сабақ өткізіп, жұмыс істеу тәртібін үйретеміз, – деді аға лейтенант.

Төртінші тақырыптық алаңда төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы су астында жұмыс істеуге арналған жабдықтарды көрсетті. Бас құтқарушы Максим Стец сүңгу кезінде пайдаланылатын тыныс алу аппаратын, құрғақ үлгідегі костюмдерді, термокиімдерді, баллондар мен арнайы жүктерді таныстырды.

Маманның түсіндіруінше, қыс мезгілінде сүңгуірлер су түбіне түсу үшін қосымша 75 келіге жуық жүк тағады. Ал су астында көріну мүмкіндігі болмаған кезде маман мен жердегі әріптестері арасындағы байланыс арнайы сигналдық арқан арқылы қамтамасыз етіледі.

– Біздің негізгі міндетіміз – судағы адамдарды құтқару, сондай-ақ су астынан зардап шеккендердің денесін іздеп, алып шығу. Кейде қатты ағыс пен нөлдік көріну жағдайында жұмыс істеуге тура келеді. Бұл оңай емес. Сондықтан жастардың құтқарушылар қандай жағдайда еңбек ететінін білгені маңызды, – деді Максим Стец.

Оның айтуынша, осындай кездесулер жас буынға құтқарушы мамандығының жауапкершілігін түсінуге және осы бағытқа қызығушылық танытуға жол ашады.

Айта кетейік, «Жас сарбаз – ел қорғаны» атты танымдық шара жастардың әскери қызмет, күштік құрылымдар мен құтқару саласы туралы білімін кеңейтуге бағытталған. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай интерактивті кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.