Павлодарда ХҚКО-да дайын құжаттарды беру постоматы орнатылды

Павлодарда ХҚКО-да дайын құжаттарды беру постоматы орнатылды
Фото Константин Шелков

Постомат 24/7 режимінде жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның мәлімдеуінше, дайын құжаттарды алуға арналған постомат еліміздің тағы 11 ХҚКО-нан орын алған. 

Қазіргі таңда Қазақстанның тоғыз облысындағы ХҚКО-да дайын құжаттарды беру постоматтары орнатылды. Олар 24/7 режимінде жұмыс істейді. Азаматтар постоматтан өз құжаттарын кез-келген ыңғайлы уақытта, тіпті жұмыстан кейін де ала алады.

Бұған дейін бұл пилоттық жоба Астана мен Алматыда іске асырылған болатын. Қызмет алушылар постомат арқылы 2 мыңнан астам құжат алған. Енді Мемлекеттік корпорацияның инновациялық жобасы Шымкент, Тараз, Қордай, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Семей қалаларында орнатылды.

Айта кетейік, сервис сұранысқа ие қызметтің 11 түрі бойынша қолжетімді. Оның ішінде баланың тууын тіркеу, жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, құжаттарға апостиль қою, құқық белгілейтін құжаттардың телнұсқалары және басқалары бар.

- Аталған қызметтер бойынша өтінімді рәсімдеу кезінде клиентке нәтижені постоматтан алу туралы ұсыныс айтылады. Клиент құжаттың дайын болғандығы туралы хабарламаны алғаннан кейін, 3 күннің ішінде құжатты алуы тиіс. Ұяшық биометриялық сәйкестендіруден өтіп, SMS-хабарламадағы 5 таңбалы кодты енгізгеннен кейін ашылады. Бұл үшінші тұлғалардың сервисті пайдалана алмауы үшін қауіпсіздік мақсатында жасалды, - деп атап өтті Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Естеріңізге сала кетейік, дайын құжаттардың нәтижелерін алу үшін қызмет алушыларға ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Келген SMS-хабарламаға келісім беріп, дайын құжаттарды үйге жеткізуге тапсырыс беруге болады.

Постомат Павлов көшесі, 48 мекенжайдағы ХҚКО-нда орналасқан.