Павлодарда қоршаған ортаның тазалығына арналған жобалар таныстырылды

Павлодарда қоршаған ортаның тазалығына арналған жобалар таныстырылды
Фото: Павлодар қалалық білім беру бөлімі

«ProEco» республикалық экологиялық жобалар байқауының қалалық кезеңінің мақсаты - экологиялық дүниетанымды қалыптастыру, қоршаған ортаны сақтаудың маңыздылығын түсіну, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы білім беру бөлімі «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының мәліметінше, байқауға А.Байтұрсынұлы атындағы № 7, 17, 26, 41 жалпы білім беретін мектептердің 7-8- сынып оқушылары қатысты. Жас өрендер үш бағыт бойынша бейнероликтер ұсынды.

Байқау қорытындысы бойынша «Туған өлкенің табиғаты» номинациясында І орынды А. Байтұрсынұлы атындағы ЖОМ 8-сынып оқушысы Сүлейменова Томирис иеленді. Ол өзінің бейнеролигінде «Қаз қонақ» ескерткішінің пайда болу тарихын айтып берді. 

«Үздік экологиялық бастама» номинациясында жеңімпаз атанған № 41 ЖОМ 8-сынып оқушысы Даниля Биянова пластикті, қағазды тастамауды және жақпауды, қайта өңдеу ретінде пайдалануды ұсынды. Сонымен, пластикалық банкалардан әртүрлі қолөнер бұйымдарын, макулатураларды - сәндік қағазды жасауға болатынын айтты. 

«Таза қала сізден басталады» номинациясына № 7 ЖОМ 8-сынып оқушысы Азиза Адамова  видеосында сыныптастарымен бірге Жеңіс саябағында сенбілік өткізіп, азаматтарды қаланы таза ұстауға шақырды.

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Павлодар дарыны» орталығының түрлі деңгейдегі дипломдарымен марапатталды. Жеңімпаздардың үздік жұмыстары байқаудың облыстық кезеңіне қарауға жіберілді.