Павлодарда Конституция күніне орай өтетін шаралар көлемі екі есеге артты

Негізгі 60 іс-шара ірі форматта аталып өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Саменованың айтуынша, мерекеге 700-ден астам іс-шара арналады. Соның ішінде С.Торайғыров университетінде ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған конференция өтеді.
– Сондай-ақ, көзі нашар көретін және зағип жандарға бейімделген Конституцияның алғашқы басылымы таныстырылатын болады. Кітаптың төрт данасы облыстық арнайы кітапханаға бріледі, – деді ол.
Жоспарланған іс-шаралар қатарында көрмелер, әдеби-танымдық кештер, ақпараттық сағаттар, дөңгелек үстелдер, дәрістер, викториналар мен құқықтық сабақтар бар. Мәселен, «Достық үйінде» ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтеді. Сонымен қатар волонтерлер «Men Konstituciyany bilemin!» сауалнамасын жүргізіп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қоспақ.
Мерекелік бағдарлама спорттық сайыстармен де толыққан. Мини-футболдан турнир, велоспорттан ашық чемпионат және жұмысшы жастар арасындағы «BALL SHIFT» футбол чемпионаты өтеді.
Конституция мерекесінің шарықтау шегі – «Ertis Promenade» сахнасында үлкен концерт болмақ. Онда Нұржан Керменбаев, «Ұлытау», «ABYROI» топтары және Иса Байзақов атындағы филармония әртістері өнер көрсетеді.