Павлодарда кәсіподақ кеңесі өтті: жұмысшылардың әлеуметтік мәселелері көтерілді

Павлодарда кәсіподақ кеңесі өтті: жұмысшылардың әлеуметтік мәселелері көтерілді
Фото: Айбек Жұматов

Еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайы басты тақырыпқа айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулетәлиннің қатысуымен Ұйымдастырушылық кеңестің отырысы өтті. Жиында өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының 2026 жылдың І тоқсанындағы қызмет қорытындылары, әлеуметтік әріптестік, еңбек қауіпсіздігі және жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.

Кездесу барысында Павлодар мемлекеттік кәсіподағының төрағасы Балтабек Төлеубаев жылу энергетикасы саласындағы кәсіпорындардың бірінде өткен жұмыс сапары туралы айтып өтті. Оның сөзінше, өндіріс барысы мен жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы тікелей көзбен көріліп, бірқатар маңызды мәселелер анықталған.

- Біз №3 жылу энергия станциясында болып, жұмысшылардың жағдайымен, өндірістің барысымен таныстық. Кәсіпорын басшылығы жөндеу жұмыстары, қысқы және күзгі жылу маусымына дайындық туралы толық ақпарат берді. Жұмысшылар өз сұрақтарын ашық қойды, сонымен қатар, әлеуметтік мәселелер бойынша заң аясында шектеулер бар екенін жеткізді. Біз бұл мәселелер бойынша шешу жолдарын қарастырамыз, - деді Балтабек Төлеубаев.

Жиында сондай-ақ Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулетәлі еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік әріптестікті дамыту - кәсіподақ жұмысының негізгі бағыты екенін атап өтті. Әр салалық ұйым өкілдері өз бағыттары бойынша баяндама жасап, еңбек қатынастары, ұжымдық шарттардың тиімділігі және депутаттық топ «Еңбек» жұмысы жөнінде ақпарат берді.